Харьков қаласында Абайдың ескерткіші орнатылды

87

Украинаның Харьков қаласында ұлы ақын Абайдың ескерткіші орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстанның Украинадағы Елшілігіне сілтеме жасап.

Ескерткіш «Ойшылдар аллеясында» триптих ретінде орнатылған. Ескерткіштің авторы Украинаның халық суретшісі Сейфутдин Гурбановтың айтуынша бұл еңбектің атауы «Тіршілік ағашы». Триптихте Абаймен бірге Украинаның халық ақыны Григорий Сковород мен әзербайжан ағартушысы, философ Мырза Фатали Ахундов бейнеленген. Ескерткіштің биіктігі 4 метр. Аллея ауданы 2 543 шаршы метр.

Саябақ Харьковтағы табиғаты әдемі танымал демалыс аймағында орналасқан. Қазақстанның Украинадағы Елшісі Дархан Кәлетаев қала әкімшілігіне жақсы бастамасы үшін алғыс айтты. Ол триптих бауырлас елдер арасындағы рухани байланысын тереңдете түсетінін, олардың мәдениеті мен өнерінің кеңінен танылуына мүмкіндік беретінін атап өтті.

Ескерткішті орнату жөнінде бастамашының бірі Қазақстанның Харьковтағы Құрметті консулы Эмин Наджафлидің еңбегі айрықша атап өтті. «Біз бұл ескерткішті украиналық бауырластардың қазақ халқына, Қазақстанның тарихы мен руханиятына шексіз құрмет деп қабылдаймыз», – деді Елші.