Жоғарғы оқу орындарында мемлекеттік қызмет істері жөнінде дәріс өткізілетін болады

732

Мемлекеттік қызмет істеуге ниеттілер үшін тағы бір мүмкіндік. Бұдан былай, жоғарғы оқу орындарында мемлекеттік қызмет істері жөнінде дәріс өткізілетін болады. Жаңадан енген қосымша сабаққа әкімшілік пен басқармаларда жұмыс жасауға ниетті кез-келген студент қатыса алады.

Бүгін Түркістан қаласында осы жобаны жүзеге асыруға арналған екі жақты келісім түзілді. Халықаралық Қазақ — Түрік Университеті мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл Агенттігінің жергілікті басшылықтары арасында меморондумға қол қойылды.

Екі жақты келісім әсіресе, студенттер үшін мол мүмкіндік. Болашақта жылы креслоға жайғасуды армандайтын жастар дипломдарын алысымен-ақ, мемлекеттік қызмет атқаруға сақадай сай болып шығады. Жаңа жоба аясында мәртебесі жоғары сала жайлы егжей тегжейлі білім алатын болады.

Ғалым Тұрсынбаев, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл Агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы:
«Мемлекеттік қызметке барамын деген талпынысы бар жастар оқиды. Біз оларға тек теория ғана емес, сонымен бірге практикалық жәрдем көрсетеміз. Мемлекеттік органдарда тағылымдамалардан өтетін болады».

Келісімшарт түзілген білім ордасында алғашқа лекция оқылды. Оған 20 студент қатысуға ниет білдірген. Солардың бірі Мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығының төртінші курс студенті Мақсат Тәңірберген. Болашақта мемлекеттік қызметкер болуды армандайды.

Мақсат Тәңірберген, студент: «Болашаққа деген қойып отырған мақсатым еліміздің белсенді азаматы болу. Вашингтонның сөзі бар «Маған Америка не береді емес, мен Америкаға не беремін» деген, сол секілді мен елім үшін, халқым үшін қызмет етемін. «Адалдықтың бәйгесіне атыңды қоссаң ешқашан олжасыз қалмайсың» дейді сондықтан адалдықтың бәйгесіне атымызды қосып отырған жайымыз бар».

Алғашқы лекцияны агенттік департаментінің Түркістан облысы бойынша басшысы Ғалым Тұрсынбаевтың өзі оқыды. Айтуынша, дәл осы жоба Жетісай ауданындағы Сырдария университетінде де жүзеге асатын болады.

Ардақ Берден