Мақтааралдың 90 жылдық мерейтойы тойланды

380

90 жылдық торқалы тойын Мақтаарал ауданы толағай табыстармен қарсы алып отыр. Қамба толы. Көңіл шат. Дихан көңілі тоқ. Шыбық шаншысаң шынар болып шығатын Мырзашөл өңірінің жері де жомарт. Оған биылғы жиын терімнің нәтижесі дәлел.

Ғасырға жуық мерейтой аудан орталығындағы «Ақ алтын»мәдениет үйінде «Мақтааралым –мерейлі мекенім» атты сахналық қойылыммен ашылды.Көңілге көрік, пейілге тоқтық берген берекелі күз мерекесін әрі торқалы тойды тойлауға келгендердің қарасы мол. Өңір басшысы ЖансейітТүймебаев ақ алтынды мекеннің еңбекқор халқын мерейлі мерекесімен құттықтап,ізгі тілегін жеткізді.

Жансейіт Түймебаев, облыс әкімі: «Шөлейт даланы жәннат мекенге айналдырған мақтааралдықтар сіздердің ерен еңбектеріңіз мақтауға әбден лайық. Енді бір он жылдан кейін ғасырлық тойын тойлаймыз. Облысымыздың басқа аудандары сияқты мақталы Мақтааралдың да тарихы өте бай. Алғашында Мырзашөл атауымен белгілі болған бұл мекеннің ерекшелігі – жерінің жомарттығында. Мақтааралдықтардың ерен еңбегі мен ақылы – шөл даланы гүлді, жазиралы жәннәт мекенге айналдырды. Мырзашөл даласын суландырудағы негізгі мақсат – мақта алқабын молайту еді. Алғаш рет ауданда мақта шаруашылықтары құрылып жатқанда Түркістан жер шаруашылығы халық комиссары қызметін атқарып жүрген ұлт мақтанышы Сұлтанбек Қожанов каналды қазушылармен болған кездесуінде мақтаның аса қымбат шикізат екенін, болашақта ақ алтын күллі Түркістан өлкесінің байлығы болатынын айтқан екен. Міне, Елбасымыздың тікелей қолдауымен Түркістан облысының жаңа дәуірі басталып келеді. Облысымыздың қиыр оңтүстігінде орналасқан, ақ алтынның ордасы – мақталы Мақтаарал ауданының мерекесі бәрімізге ортақ. Мақсат — той тойлау емес, бір ғасырға жуық уақыт аралығындағы оқиғаларды ой елегінен өткізу. Елдің бірлігін нығайтып, игі іске жұмылдыру», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Өңір басшысы келесі кезекте Мырзакент кентінің орталық алаңындағы күзгі жиын-терім науқанын қорытындылауға арналған«Алтын күз – 2018» іс-шарасына қатысты. Жергілікті дихандар биылғы қамба толтырған өз өнімдерін жұртшылық назарына ұсынды. Жері жомарт мырзашөл өңірінің ыстық топырағында піскен қауын, қарбыз бен бақша өнімдері ішкі нарықты қамтып қана қоймай, шетел нарығын да жаулап ала бастаған.

Биылғы жылы мақтааралдық диқандар 60 926,3 гектар жерге егістік ексе, оның 38 593,2 гектары мақта дақылына тиесілі. Аудан бойынша бүгінге дейін 96 мың 600 тонна «ақ алтын» жиналған. Берекелі маусымға тән бір өзгешелік шаруашылықтардың биылғы жиын терімді қалай қорытындылағаны таразыға тартылды.Жеңімпаздар анықталып, үздіктер төрге шығып, еңбектері еленді.

Ғасырға жуық уақыт аралығында тарихи кезеңдерді өткерген ауданның айтулы мерекесіне жергілікті тұрғындарды ӨзбекстанРеспубликасы Сырдария облысынан ат арылтып келген делегаттар да құттықтай келіпті. Олар аудан жұртшылығына жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Ауданның құрылуына, қалыптасуына ерен еңбегі сіңген майталмандар арнайы марапатталды. 3 күнге жоспарланған іс-шара барысында «Терме – бойтұмарым» атты термешілер байқауы, «Палау фестивалі», «Бауырсақ фестивалімен» жалғасты. Соңы көкпар ойынымен қорытындыланды.

А.Бейімбет