Шымкент қаласының әкімі қала тұрғындарын жеке мәселелері бойынша апта сайын ашық қабылдау өткізетін болады. Бұл туралы шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов ОКҚ брифингінде мәлімдеді.

Шымкент бұрыннан бері жобалардың даму қаласы болды: баланы онлайн режимінде балабақшаға қою, бірінші сынып оқушысын мектепке жазу, T-hunter, U-Study – бұл Шымкентте алғаш рет қолданылған білім беру саласындағы жобалар, бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде енгізілуде.

«7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үй сатып алуға бастапқы жарнаны субсидиялау идеясы Шымкентте алғаш рет айтылды.

Енді жаңа жоба – Шымкент қаласының әкімі халықпен айына бір рет емес, енді 4 рет әр жұма сайын кездесіп отырады. Қабылдауға жазылу үшін әкімдік кеңсесіне келудің қажеті жоқ, тек сайтты ашса болғаны. Барлық жағынан ашықтық қаралған.

«Әкімдік пен халық арасындағы өзара қарым-қатынасты арттыру мақсатында мен азаматтарды жеке қабылдауды айына бір рет емес, апта сайын, әр жұма күні сағат 16.00-ден 18.00-ге дейін өткізу туралы шешім қабылдадым. Азаматтарды қабылдауға жазылу онлайн режимде қала әкімдігінің сайты арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, азаматтардың ыңғайлылығы үшін біз әкімдік ғимаратының бірінші қабатында заманауи кабинет жабдықтадық», — деді Ғабидолла Әбдірахымов.

Айта кету керек, үшінші мегаполис әкімінің тұрғындармен кездесетін кабинеті — ашық шыны терезелерден жасалған.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі