Бүгін жалпыхалықтық диктантқа шымкенттіктер де қатысты. «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасына жиналған түрлі сала өкілдері латын харпінде диктант жазып, жаңа әліпбиге қол үйретті. Әбден кирилл әріптеріне үйреніп қалған жерлестеріміз үшін бұл сынақ қаншалықты қиынға түсті?
Сая Қасымбек кирилл әріптеріне әбден дағдыланып қалса да, жаңа әліпбиді жатырқаған жоқ. Елуді еңсерсе де жаңалыққа жаны құштар белгілі драматург диктанттың соңына дейін тырысып бақты.
Сая Қасымбек, драматург: «Техниканың тіліне енгізсе, оңай болар еді. Біз көбіне жазуға компьютерді пайдаланамыз. Әріптердің ноқатына келгенде қиналдық. Сол жағын реттеу керек, сонда оңай болады».
Латын негізді қазақ әліпбиін практикалық тұрғыда меңгеру тіпті үйлестірушілерге де оңай cоққан жоқ. Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының маманы диктант кезінде біраз қиналғанын айтады.
Сәкен Әбдіжаппаров, Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы: «Әсіресе, Ғ, Ұ, Ә әріптерінде қиындық болады. Бірақ, бұл әзірге ғана. Кейін үйреніп кетеміз».
Еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті ұйымдастырған шараның мақсаты — жаңа қазақ әліпбиін насихаттау, латын негізді қазақ әліпбиін практикалық тұрғыда меңгеруге дағдыландыру. Диктантты арнайы белгіленген орындарда және emle.kz, tilalemi.kz сайттарында, «Шалқар» және «Қазақ» радиоларында тікелей эфирде мәтін аудиосын тыңдап, жазуға мүмкіндік туды.
Жерлестеріміздің жұмыстарын енді елордалық құзырлылар қарап шығады. Сосын латын негізді қазақ әліпбиін жасауда өз ұсыныстарын енгізетін болады.
Мақпал Рысбаева