Латын қарпіне өтудің екінші кезеңі басталды

168

Екі жылға созылған бірінші кезеңде әліпби бекітіліп, үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Осы уақыт аралығында атқарылған жұмыстар қаншалықты нәтижелі? Латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиін үйренгісі келетіндердің қатары қанша?

Мамандар латын қарпін үйренуде жастар белсенді дейді. Басым көпшілігі латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиін жаттап үлгерген. Тіпті кейбір белсенділердің жаңа әліпбиге өтуге қатысты өз ұсыныстары бар.

Орынбасар Түсіпбаев, студент: «Күнделікті бір сабақ ретінде үйретсе екен деген тілегіміз бар. Сонда алып кету оңай болады. Мысалы, мектеп бағдарламасына да жайлап кіргізе берсе болады ғой».

Мамандар бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар нәтижелі дейді. Оған жалпыхалықтық диктанттың қорытындысы дәлел бола алады. Латын қарпіне арналған пернетақта сарапшылар сынынан өткен. Оған қаланың 600-ден астам тұрғыны қатысыпты. Жыл басынан бері латын қарпін үйренгендердің де қатары көп дейді саладағылар.

Гүланар Қалдыбаева, Шымкент қаласы әкімдігінің Тілдерді оқыту орталығы Латын графикасын оқыту және ақпараттық насихаттау бөлімінің басшысы: «2019 жылғы 1 қаңтардан бастап бізде 27 топ ұйымдастырылды, латын әліпбиін оқыту бойынша. Одан 405 адам біліктілігін арттырды».

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің алғашқы Жолдауында қазақ тілінің маңыздылығын атап өтті. Одан бөлек қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру үшін жұмыла жұмыс жүргізу қажет деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Сондай-ақ, тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн».

Латын қарпіне өтуге бес жыл уақыт бар. Дегенсен, осы бағытта біткен істен атқарылар шаруа көп. Ең бастысы Президент айтқандай, даңғазалыққа жол берілмеуі керек.

Меруерт Ахан