Қалалық мәслихаттың депутаттары биылғы жылдың соңғы сессиясына жиналды. Кезекті 42 сессияда қаралатын күн тәртібіне енгізілген 13 мәселенің барлығы да өзекті. Ең бастысы 2019-2021 жылға арналған Шымкент қаласының бюджеті нақтыланды.
Алдағы 3 жылдық бюджеттің көлемі 380 млрд теңгені құрады. Республикалық бюджеттен бөлінген трансферт 67,1 млрд теңге маңызды мәселелерді шешуге бағытталуда. 6 млрд 532 млн теңге тоғыз мектептің құрылысына, тұрғын үй құрылысына 2 млрд, Бозарық қосалқы стансасының құрылысына 1 млрд теңге бағытталуда.
Гүлжан Құрманбекова , Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Қаржының негізгі бөлігі 103 млрд. теңге әлеуметтік салаға бағытталған. Бұл бюджеттің 60,6 пайыз үлесін құрайды. Білім саласына 81 млрд теңге, денсаулық сақтау саласына 4 млрд теңге бөлінген».
Ең маңыздысы азаматтардың жекелеген санаттарына да амбулаториялық емделу кезінде тегін медициналық заттарды қосымша беруге қаржы қарастырылды. Медициналық көмекке зәру қалалық азаматтарға елді-мекен шегінен тысқары жерлерге емделу үшін бюджет қаражаты есебінен тегін жол жүруге де қаржы бөлу қарастырылды.
Бюджетті нақтылап алғаннан кейін, депутаттар қала құрылысы басқармасы басшысының есебін тыңдауға көшті.
Әбілсейіт Рабаев, Шымкент қалалық құрылыс басқармасының басшысы: «Шымкент қаласында 2018 жылы мемлекеттік бюджет есебінен жалпы 19 265 млрд теңгеге 110 нысанның құрылысы жүргізілуде. 11 млрд теңгеге жуық қаржыға 68 тұрғын үй, 5,8 млрд-қа 15 мектептің, 1 балабақша, 3 мәдениет, 1 ауыл шаруашылығы, 1 спорт, 1 абаттандыру және 1 әкімшілік нысанның құрылысна қарастырылған. 19 инженерлік-коммуникациялық инфроқұрылым нысандарына 2 302 млрд теңге жұмсалды.
Жылдың басынан бергі 11 айда Шымшаһарда 109,6 мың шаршы метр қолданысқа тапсырылып, қалған 32,4 шаршы метр желтоқсан айында пайдалануға беріледі.
Қалада биыл атқарылған жұмыстар үшін қала әкімі депутаттарға, басқарма басшылары мен әкімдік қызметкерлеріне алғысын жеткізді. «Жетістікке жүйелі жұмыс пен ауызбіршілігіміздің арқасында жеттік» дейді шаһар басшысы.
Алдағы үш жылда атқарылатын жұмыстардың бағыты айқын. Қазынада қаржы да жеткілікті. Тек енді сол бюджет қаржысын талан — таражға салмай мақсатты пайдалануын қамту мәслихат пен әкімдіктегілерге жүктеліп отыр.
Шынар Оразова