Шымкентте Тәуелсіздік күні 60 отбасыға азық-түлік пен киім-кешек тегін таратылды

1028

Шымкентте Тәуелсіздік күні 60 отбасыға азық-түлік пен киім-кешек тегін таратылды. Қайырымдылық шара Шымкент қаласы әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен «Ізгілікте жарысайық» қайырымдылық қоғамдық қоры және жергілікті кәсіпкерлердің ұйымдастыруымен жүзеге асырылды.

Еліміз үшін мәні ерекше, ұлтымыз үшін ұлық мерекеде қайырымды азаматтар тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларын, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жалғызбасты аналарды жарылқап, ас-ауқатқа, киім-кешекке қарық қылды.
Барно Мирзатаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен төрт баланың анасымын. Қызым туғаннан мүгедек. Басқарма жиі көмектесіп, кедейшілік құрсауынан шығу үшін жол сілтеп тұрады. Бүгін де өзіме қажетті заттарды осы жерден түгендедім. Басқармаға да қайырымды жігіттерге де алғысымыз шексіз».

Аз қамтамасыз етілген отбасыларға күнделікті пайдаланатын ет, күнбағыс майы, макарон, қант, ұн, шай, күріш сияқты азық-түлік түрлері үлестірілді. Қамқорлыққа бөленгендер үйлеріне үйіп-төгіп жазғы, қысқы киімдер мен аяқ киімдер де ала кетті.

Қайырымдылық себетіне қол жеткізген қауымның қуанышында шек жоқ. Мейірімділік пен ізгілік салтанат құрған шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Ғалымжан Балтаев, Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:
«Басқарма мамандары 60-қа жуық отбасыға арнайы хабарласып, бүгінгі қайырымдылыққа шақырдық. Мүгедектерге, аз қамтамасыз етілген отбасыларға, жалпы мұқтаж азаматтарға қол ұшын беруге өзге де кәсіпкерлер жұмылдырылды. Басқа да қайырымдылық қорлары бізге жұмыс істеуге құлшыныс білдірсе, әріптестік жасауға әзірміз. Осылайша шаһардағы жағдайы төмен азаматтарға көмек бере аламыз деп есептеймін».

Мақпал Рысбаева