Шымкентте 35-ке жуық «Сергек» бақылау қондырғылары іске қосылады

677

Шаһарымызда 35-ке жуық «Сергек» бақылау қондырғылары іске қосылады. Олардың біразы тестік жүйеде жұмыс істеп тұр.

Еске сала кетейік, аталған құрылғы алғаш Астана, кейін Алматы қалаларына қойылған болатын. Ізін ала, үшінші мегаполис көліктері де «Сергектің» қырағы бақылауына алынды. Тың құрылғыға көлік жүргізушілерінің көзқарасы қандай?

Мүслім Әбдібековтың көлік тізгіндеп жүргеніне 20 жыл. Бала – шағасын темір тұлпарының арқасында бағып жүргенін де жасырмайды. Жол ережесін мұқият сақтайтын жүргізуші жаңа құрылғыларға қарсы. Айтуынша “Сергек” атауымен көпшілікке енді танылып жатқан бақылау құрылғысы жол ережесін сақтамаған жүргізушілердің қалтасын тақырлауы мүмкін. Онсыз да айыппұл бағасы төмендемей тұрғанда, “Сергектің” құрылғысы “тиынсыз қалдыра ма” деген қорқынышы барын да жасырмады.

Мүслім Әбдібеков, көлік жүргізуші: «Айыппұлды көтерді. Ақша бюджетке түсіп жатыр. Ал, “Сергек” арқылы айыппұлды молайтып, халықтың ақшасын түгел сыпырып алу ғой деп ойлаймын. Қазір жұрттың бәрінің мойнында несиелері бар. Оңай емес. «Сергекті» қойып тастады жан-жақтан. Онда халыққа көлік айдатқызбай-ақ қойсын. Халық онсыз да соңғы демінде жүр ғой” деп шағымын жеткізді.

Жүргізушілер қаламаса да, «Сергек» бейнебақылауының 10-ы тестік тұрғыда жұмыс істеп тұр. Құрылғы Ұ. Өтегенов, Қ.Төлеметов, Ақжайық көшелері мен Д. Қонаев даңғылында орнатылған. Одан бөлек, Жібек жолы көшесінің бойына 4 бейнебақылау бекітілмек. Ал, басым бөлігі қала сыртына орнатылады деп жоспарланып отыр.

Жүргізушілердің енді бірі «Әрине, тәртіп сақтауға мұндай шаралар керек. Елдің қамы үшін жасалып жатыр ғой. Сонда жаяу жүргіншілер де, көлік тізгіндегендер де жол көлік оқиғаларынан сақ болады. Соңғы кездері өлімнің басым бөлігі осындай тас жолда орын алып жатыр ғой» деп өз пікірін білдірді.

Бақылау көзінің негізі Қытайдан бастау алған. Қылмыскерлерді тану үшін табылған құрылғы Қазақстанда рөл иелерінің жылдамдығы мен нөмірлерін анықтайтын болады. Осылайша, бұған дейін жол-патруль полицейлерінен ат тонын ала қашатын көлік жүргізушілері, бұдан кейін “Сергекті” көргенде сергек болатындарын айтуда.

Назерке Үкібасова