Шымкент: «Сергек» іске қосылды

109

Көптен бері халықтың қызу талқысына түскен «Сергек» камералары іске қосылды. Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы қала аумағындағы 300 көше қиылысына жалпы саны 1677 бейнебақылау құралдары орнатылып, жұмыс істеп жатқандығын мәлімдеді. Қырағы құрылғының қызметі қалай болмақ?

Бүгіннен бастап іске қосылған «Сергек» камераларының назарына жүргізушілер қандай жағдайда ілінеді? Көптің көкейінде жүрген бұл сауалға қалалық полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетов жауап берді. Оның айтуынша, қырағы камералар жол ережесін бұзуға қатысты орын алған оқиғаның бірін қалдырмай жазады. Тіпті, тоқтауға тиым салынған жерге аялдаған ақауы бар көлікті де назардан тыс қалдырмайтын көрінеді.

Ералы Жұмаханбетов, Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы: «Қарама қарсы бағытқа шығу, көлік құралын басқару кезінде жүргізушінің телефонды не радиостанцияны пайдалануы, жол жүрісі қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктерді тасымалдау, қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау, жаяу жүргіншілердің және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы баптары және өзгеде құқық бұзушыларды анықтайды».

Мамандар «Сергек» камералары арқылы жол қауіпсіздігінен бөлек әкімшілік құқық бұзушылық жайттарды қадағалауға үлкен мүмкіндік туғандығын айтады. Қазіргі таңда, осы бойынша жауапты қызметкерлердің қадағалауымен, арнайы жедел басқару орталығы жұмыс істеуде.

Ералы Жұмаханбетов, Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы: «Жедел басқару орталығында 32 жұмыс орны ашылып, сол жерде 3 аусымда қазіргі таңда 96 қызметкер қызмет етуде. Осы арқылы біз қала тұрғындарының өтініштерін қамтамасыз еттік. Ал жаңағыдай, барлық жағын қамтамасыз етіп бір жерге қойылса, қаланың көп жері ашық қалатын еді».

Бұл құрылғыларға әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген жағдайда , полиция қызметкерлері жедел түрде іске кіріседі. Айыппұл тағайындалған жүргізушілерге ескерту жасау үшін, техникалық құралдармен жабдықталған арнайы 8 автокөлік қарастырылған. Олардың көмегімен, қаланы қатаң тәртіпке келтіреміз деген мамандардың пікіріне көпшілік қандай көз қараста?

Айта кетейік, осы «Сергек» камераларын орнатуға қала қазынасынан бас-аяғы 4 млрд. қа жуық қаражат бөлінген еді. Алдағы уақытта бұл камералардың санын 12000 -ға жеткізу жоспарланып отыр.

Аида Қарсыбайқызы