Түркістандық дәрігерлер Едитепе университеттік госпиталінде біліктіліктерін арттыратын болады

264

Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев үздік еуропалық клиникамен меморандумға қол қойды. Өңіріміздің бас дәрігері Түркия елінен келген мәртебелі қонақтарды Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасында қабылдады.

Ыстамбұлда орналасқан Едитепе (Yeditepe) университеттік госпиталінің халықаралық қатынастар жөніндегі директоры Ахмет Зихни Ажик (Ahmet Zihni AÇIK) мырзамен меморандум барысын талқылап, екіжақтық маңызды құжатқа қол қойды.
Қаңтар айынан бастап Түркістан облысының дәрігерлері Едитепе (Yeditepe) университеттік госпиталінде тәжірибе жинақтап, біліктілігін арттыра алады. Көп салалы медициналық орталық Ыстамбұл қаласындағы Түрік медициналық университетінің базасында құрылған. Клиника Еуропадағы ең озық кешенді денсаулық сақтау ошағының бірі болып есептеледі.

Түркістан облысының Денсаулық сақтау басқармасы мен университет госпиталі Едитепе (Yeditepe) арасындағы келісімге сәйкес, денсаулық сақтау саласында екі жақты ақпарат алмасу, медицина мамандарын даярлау және олардың біліктілігін арттыру жоспарлануда. Тиімді ынтымақтастық халықтың денсаулығын жақсартуға сөзсіз ықпал ететін болады.

Едитепе көпсалалы медициналық орталығы (Yeditepe) 15 тар бейінді орталықты қамтиды. Едитепе клиникасының негізгі бағыттары — онкология, онкогематология, нейрохирургия, урология, гинекология, неврология салалары. Медицина орталығының дәрігерлері ересектер мен балаларға жүрек, бауыр, бүйрек және сүйек кемігін трансплантациялау бойынша операциялар жүргізеді.

2005 жылы Стамбул Білім және мәдениет қорының (ISTEK) және Yeditepe университетінің қолдауымен құрылған кешенді аурухана
жыл сайын 30 мыңнан астам пациентке қызмет көрсете отырып, Түркия еліндегі ең беделді медициналық орталығы болып есептеледі.

2016 жылы Түркия клиникасы базасында алғашқы «ақылды аурухана» ашылған және
ол әлемдегі алғашқы микробқа қарсы аурухана болып отыр.

ISTEK қорының қолдауымен 20 жылдан астам уақыт бұрын ашылған Yeditepe университеті Түркия мен әлемнің басқа да елдерінен жылына 23 мыңға жуық студентті оқытып шығарады.