Газетіміздің Тағдыр айдарында өзі туралы айтқысы келетін оқырмандарымыздың қатары молайып келеді. Оқырман сеніміне ие басылым арқылы ешбір айтылмаған жан
сырымен бөліседі. Басылымның бүгінгі кейіпкері жастайынан өмір жолында кездескен сан қилы қиыншылықтарды қалай бағындырғанын айтып берді. Кейіпкерімізге білікті мамандарымыздың да айтары бар.
«Ата-анам жан-дүниемді түсінбей, керісінше күл-талқан етті»
Ақсәуле – Шымкент қаласының тұрғыны. Жасы 28-де. Тұрақты жұмысы бар жалғызбасты ана. 7 жасар қызы бар. Ақылды қызы және сүйіп істейтін жұмысы болғандықтан өзін бақытты сезінеді. Шүкіршілік айтудан еш танған емес. Бұлай дейтініміз – ол осыдан 5 жыл бұрын дәл қазіргідей қалада жұмыс істеп, ел қатарлы өмір сүретінін еш ойламаған. Тағдыр тауқыметін тартқан оның көрген азабы көп. Әлі де есіне алса жаны ауыратын өткені бар.
– Түркістан қаласының тумасымын. 21 жасымда көрші ауылдың жігіті алып қашты. Туысқандарымыз «танысып көріңдер» дегендіктен бір-ақ рет кездескенбіз. Кездес-уден кейін оны ұнатпадым. Еркек ретінде. Сондықтан оған тұрмысқа шығудан үзілді-кесілді бас тарттым. Алайда бізді таныстырған жандар бір кездесуден ештеңе шешілмейтінін тағы бірнеше рет кездесіп көруімізді өтінді. Мен келісім бермедім. Өйткені «ол адамға тұрмысқа шықпаймын» деп ойладым. Сондықтан да босқа кездесіп оның да өзімнің де уақытымды өткізгім келмеді. Алайда, ортақ таныстарымыз осы ойымды оның тіке өзіне айтуымды өтінді. Өздерінің айта алмайтынын жеткізіп, менің айтуымды қалады. Содан кейін мені мазаламайтындарына уәде берді. Жас болдым ба білмеймін. Ешқандай да жаман ойым болған жоқ. Айтарымды «айтып қайтамын» деп ойладым. Бірақ олардың жоспары мүлдем басқа екен. Кездескенім сол еді баса-көктеп машинаға салды да қаншалықты қарсылық көрсеткеніме қарамай алып қашты,- дейді Ақсәуле.
Ақсәуле ол үйде қалғысы келмесе жан-жағын қаумалаған әйелдер басына орамал тағып, әлі бақытты болып кететіндерін айтқан. Айтуынша, оның көрсеткен қарсылығын ешқайсысы ескермеген. Ақырғы үміті отбасынан келетін қуғыншыларға байланып амалсыз отырған оның соңғы үміті де желге ұшқан.
Шынымды айтсам сол сәт әлі есімде. Құдай-ау сол кездегі жүрген әйелдердің біреуі де мені түсінгісі келген жоқ. Бәрінің айтары бір сөз. «Біз де осылай келгенбіз, әлі-ақ бақытты болып кетесің, қазір көрсеткен қарсылығыңа кейін ұяласың» деген сынды сөздер айтады. Біреуі де «мына байғұсты түсінейікші, ертең обалына қаламыз-ау» деп ойлаған жоқ. Бәрінің есіл-дерті мені қалай да көндіріп алып қалу еді. Оларға жалындым, жыладым тіпті айқайладым да. Бірақ біреуі де әсер етпеді. Соңғы үмітім артымнан келетін қуғыншыларда еді. Бірақ оларға да босқа сенген екенмін. Әкемнің әпкесі: «Табалдырық аттаған екенсің осында қал, ел-жұртқа сөз боламыз. Ата-анаңның да тілегі осы» деп қалдырып кетті. Сол сәттегі күйімді айтып жеткізе алмаймын. Одан кейін мен үшін бәрібір болды. Отбасым мені елдің айтатын бір сөзіне бола өзім мүлдем танып-білмейтін жандардың ортасына жанарымды жәудіретіп тастап кете барды. «Бұл кейін қалай болады, бақытты болып кете ала ма?» деген сияқты ой мазалаған жоқ. Елдің сөзінен қорқып, өздері де бірінші рет көріп тұрған үйге қалдырды да кетті. Мінезді емеспін. Сондықтан да басқа түскеніне көндім. Ата-анам жан-дүниемді түсінбей керісінше күл талқан етті. «Маңдайыма жазылғаны осы болар» деп арымен қарай өмір сүрдім.
«Қатты ұрып жағымды және қолымды сындырды»
Тағдырына амалсыз мойынсұнғаныммен оның отбасылық өмірі өзі қалағандай болған жоқ. Ал күн өткен сайын күйеуі мүлдем күтпеген қылықтар шығарып, көп уақыт өтпей қол жұмсауға көшкен.
Шынымды айтсам күнде алдымнан күтпеген әрекеттер шыға бастады. Күйеуімді соншалықты ақылсыз әрі топас деп ойламаған екенмін. «Сен маған келуге қарсылық таныттың, енді саған мен көрсетемін» деп құдайтың құтты күні әйтеуір бір кемшілік тауып, мазамды алды. Оған енем қосылды. Жасаған тамағымды, істеген тазалығым ешқайсысы жақпады. «Мені менсінбеген едің, өзің келісіп тұрған жоқ екенсің ғой» деп үнемі айтатын. Әрбір ісімді оған тұрмысқа шыққым келмегенімен байланыстырып күнде ұрыс-керіс шығатын болды. «Баламды менсінбей, басыңа орамал тағарда ауылдың қатындарына мені ұятқа қалдырдың» деп енем де сөйлей береді. Мұның бәрін үйімдегілерге айтайын десем оларға керек емес екенімді білемін. Бір жағынан ренжулі де едім. Сондықтан айтпадым. «Өлсең, өлігің шығады» деген сөздері есімде қалып кетті. Бір аптадан кейін күйеуім тарапынан қол көтеру басталды. Күнде ұрады десем артық айтқаным емес. Өмірім ақырындап тозаққа айнала бастағандай болды. Тіпті бір күні қатты ұрып жағымды сындырды. Соның зардабын әлі күнге дейін тартып келемін. Қатты күлсем, жағым қозғалып қалады. Осыдан кейін «өліп қалмай тұрғанда кетейін» деп ойлай бастадым. Бірақ өзім үйіме барғаныммен күтіп отырған олар жоқ. Дегенмен өз басымды асырай алатынымды білетін едім. Сондықтан кету жағын көп ойланатын болдым.
Осы ойдың жетегінде жүрген Ақсәулені бір жағдай тоқтатады. Ол «болашақ сәбиім әкесіз өспесін» деген ниетпен қалуына тура келеді.
Иә, қатты қиналып жүргенімде аяғым ауыр екенін білдім. Сол сәтте менде «күйеуім адам болып, әкелік мейірімі оянып, дұрысталады-ау» деген ой басым болды. Бұл жаңалықты оларға қуана жеткіздім. Күйеуім қуанды әрине, бірақ енем сәбидің жынысын білмейінше қуанбайтынын айтты. Уақыт өте келе ол да анықталды. «Қыз» екенін естіген енем содан кейін «жаман қатын қыз табады» деген сөздерді жиі айта бастады. Бұдан кейін менде шыдам таусылды. Бірақ күйеуім баласын құшағына алған кезде өзгерер деген үміттің жетегіне байландым. Алайда мен күткендей болған жоқ. Әкесі қызын жақсы көрді. Бірақ қол көтеруін тоқтатпады. Аяғым ауыр жүрген кезде де ұратын. Босанғаннан кейін тіпті үдеді. Бір күні қолымды сындырды. Содан кейін ертең мүгедек болып қалсам, ешкімге керек болмай қалатынымды түсіндім де кетіп қалдым. Ата-анама бардым. Осы дәрежеге солардың түсіргенін айттым. Анам қатты жылады. Қол көтерген сәттен бас-тап айтпағаныма ренжіді де. Бірақ олардың өкінуіне бәрі кеш еді.
«Жасқаншақтығым әлі күнге әдет болып қалды»
Ақсәуле ұзақ уақыт өз-өзіне келе алмаған. Қатты жасқаншақ болып қалғаны соншалық, біреу жанына жақындаса, екі қолымен басын жауып, бұғып жата қалатын болған екен. Мұндайын кейін өзі білген. Бұл жасқаншақтық әдетінен әлі күнге дейін арыла алмағанын айтады.
Осы әрекетім үшін өзімді қатты ыңғайсыз сезінемін. Қазірге дейін қалып қойды. Дәл бұғып жата қалмасам да тітіркеніп, селт ете қалатын әдет әлі бар. Жойылмай қалып кетті. Қазіргі таңда ұяламын да. Зәбір көрген адам екендігімді осындай әрекеттерімнен байқатып қоямын. Өйткені тұрмыстағы кезімде күйеуім ішіп келіп айқайлап, үйге кіргенде есіктің артына қалшылдап жасырынатын едім. Бұл сәттер есіме түссе әлі күнге егіліп жылаймын. Таяқтың астына алып жатқан кезде енем баласына бір де бір рет қой демейтін еді. Керісінше, «өзіңе сол керек» деп тісін қайрап тұратын. Бұл көріністер менің жанымда қалып қойды. Әлі күнге дейін кейде түсімде де көремін. Осы сәттерден қалай құтылатынымды да білмеймін.
«Қызым өмірге деген құштарлығымды оятты»
Алайда Ақсәуленің жанын жадыратып, көңіліне қуаныш ұялататын бір жан бар. Ол – қызы. Жатса да тұрса да соның амандығын тілейді. Қиын сәттерінде өмір сүруге деген құштарлығын оятқан қызының барына көп шүкіршілік етеді.
Ажырасқанымда «егер қызым болмағанда мен сол сәттің қиыншылығынан шыға алмас едім» деп ойлаймын кейде. Қызым менің өмірге деген құштарлығымды оятқан жан. Сол үшін мен қайта тік тұрып, қоғамға аралас-тым. Өмірдегі өз орнымды таптым. Жұмыс істедім. Алғашында қара жұмыстардан бастағаныммен тынбай еңбектенудің нәтижесінде қазір қаламыздағы белгілі мейрамханалардың бірінде білікті маманмын. Ештеңеден таршылық көріп отырғаным жоқ.
«Жығылғанға жұдырық дегендей көлік апатына да түстім»
Алайда кейіпкеріміз қазіргі жетістіктері оңайлықпен келмегенін айтады. Жұмыс іздеп сандалған кезінде жол апатына түсіп, аяқ-қолын сындырып, 6 ай бойына төсек тартып жатқан. Бұл оның өміріндегі «ешқашан қайталанбасын» дейтін күндері. Дегенмен ана жүрегі қызы үшін тағы да талпынған.
Қызым үшін талпындым, әрине. Оның болашағы алаңдатады. Төсек тартып жатқан кезімде ата-анаммен де келіспей қалған кездерім көп болды. Осындай жағдайға солардың кесірінен түскенімді айтып жиі жылайтынмын. Анам екеуіміздің бір-бірімізге ауыр сөздер айтқан кездеріміз болды. Оларға ренжіп, тамақ ішпей қоятын сәттерім де бар. «Болды. Осымен мен үшін өмір бітті» деп де ойладым. Өлгім де келді. Жазылуға талпынбадым да. Бірақ, қызымды көремін де менде ерекше бір құлшыныс пайда болады. Осылайша бұл уақытты да артта қалдырдым. Сондай жағдайлардан түсінгенім – бәрінің өтпелі екендігі. Жақсылық та жамандық та өтеді де кетеді. Ал өмір жалғасады. Осыны түсінген адам кез-келген қиыншылықты бағындыра алатынын білдім. Қазір, шүкір, менде бәрі жақсы. Жақындарым қайта тұрмысқа шыққанымды қалайды. Әлі де жас екендігімді айтады. Алайда мен жүрексінемін. Тұрмыс құрғым келмейді. Қатты қорқып қалғанмын. Сізге бір құпиямды ашайын. Ажырасқалы мен ешкіммен қосылған жоқпын. Сенбейтін шығарсыз. Бірақ рас. Осы жағынан да қорқамын. Мүмкін ойымдағы сан-сауалға жауап алу үшін арнайы мамандардың кеңесіне жүгінуім керек шығар. Ал, жалпы алғанда өзімді бақыттымын деп айта аламын. Өйткені мен ең бастысы – анамын.
СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ!
Ақсәуленің жыныстық өміріндегі, дәлірегі күйеуінен ажырасқалы ешкіммен жақындаспағаны туралы жағдайына қатысты гинеколог Манзура Есенова төмендегідей пікір білдірді:
– Ақсәуленің бойындағы қорқыныш болсын, түрлі ойдың жетегінде жүруі ол медициналық тілмен айтқанда психологиялық өзгерісте жүрген адам. Әйел баласы ерте тұрмысқа шықса және қаламаған адамына сондай-ақ жыныстық қатынаста зорлық көрсе, ол адамның төсек қатынасқа деген психологиясы бұзылады. Өйткені бірінші рет қосылғанда ол адамға ұнамауы мүмкін, жолдасы мейірімін төкпегендіктен сондай жағдайдан шошынып қалады. Сондықтан бұл қызымыз ең бірінші психологқа сосын гинекологқа көрінсе, ешқандай артықшылығы болмайды. Мен гинеколог ретінде 6 жыл бойына жыныстық қатынаспен өмір сүрмеген әйел адамның денсаулығына ешқандай да зиян болмайтынын баса айтқым келеді. Мұндай өмірді басынан кешірген адамның мінез-құлқы өзгеріп не депрессияға түсуі әбден мүмкін. Ал мінездегі мұндай өзгерістердің жыныстық қатынасқа қатысы жоқ. Адамдар мінездің ауытқушылығын төсек қатынасының аздығымен шатастырады. Біздің әйелдер қауымының санасында «тұрақты түрде жыныстық қатынаста болмаған әйел адам ауруға шалдығады» деген теріс түсінік бар. Бұл – өте қате ой. Өйткені әйел адамның өзі соны қалап тұрмаса, жыныстық қарым-қатынассыз 100 жасқа дейін өмір сүретін адамдар бар.Ал егер қалап тұрса, жыныстық қатынасқа деген қызығушылығы басым адамдар болады. Ондай адамдарды гиперактивный деп атаймыз. Адамдар өзі гиперактивный, активный және пассивный болып үшке бөлінеді. Гиперактивный адамдардың қалауы орындалмаса, онда олар депрессияға түсуі әбден мүмкін.
Ақсәуленің санасын торлаған сауалдарға газетіміздің Психолог бұрышы кеңесшілерінің бірі тәжірибелі психолог Қаракөз Момбаева жауап берді:
– Шымкент қаласының тұрғыны, жеті жасар «қызғалдақтың» анасы Ақсәуленің өмір жолындағы кездескен көптеген қиындықтары емес, оның шүкіршілігі мен өзін бақытты сезінуі маған әсер етті. Адам өмірге тек бақытты болу үшін келеді.
Иә, Ақсәуле бақытты! Таласым жоқ.
Тағдыр тәлкегіне мойымай, бойындағы жасқаншақтық, қорқыныш, үрей қамалынан босанып, мазасызданудан арылып, өмір атты теңізде, эмоциялардың құлы болмай, бағынбай, кемесін жүргізе алатын адам – бақытты. Адам денесі, өзіне жасалған қиянатты ешуақытта ұмытпайды, бейсанада қатпарлап жия береді. Сондықтан да Ақсәулеге тек бойындағы психологиялық жарақаттан арылып, ойындағы сан-сауалға жауап алуы үшін, болашақта әйел бақытын сезініп, қызы-қызғалдағының «әпшелеп», артынан еретін бауырларын дүниеге әкелуі үшін, адамдармен қарым-қатынас мәдениетін орнатуы үшін психолог маманның түзету-дамыту сабақтарына қатысуы қажет. Бейсанадағы түйінді тек кәсіби маман ғана шеше алады. Өкінішке қарай, бізде, Оңтүстік өңірінде жастарды отбасылық өмірге дайындайтын мектептер өте аз. Болса да тек қалада, бағасы қолжетімсіз. Осы себептен де жастар үлкен өмірге дайындықсыз келеді. Бақытты өмір құпияларын шешуге сауаты жетпей, ата-ана алдындағы парыз, өмірлік серігі, ұрпағы алдындағы жауапкершілікті сезінбей, «қыз алып қашу», «ажырасу» сияқты қайғы-қатерлерге ұрынып жатады.
«Қыз алып қашуды» ежелден келе жатқан қазақы салтымыз» деп адасатын кей адамдар, оның заңмен қудаланатын қылмыс екенін, адамды психологиялық тұрғыдан қорлау екенін сезінбейді. Күшпен құрылған отбасының келешекте ажырасуы әбден мүмкін екенін ойламайды
. Берер кеңесім:
1. Бақытты да бақытсыз да ететін өз ойыңыз. Өз ойыңды басқарғаның – бақытыңды басқарғаның. Бақытты сәттерді үнемі еске түсіру, болашақтағы ерекше қуанышты сәттерді жиі қиялдау. Көз алдына елестетуді үйреніңіз.
2. Дені саудың – жаны сау дегендей, ішімдік, темекі және тәтті тағамдарға әуестенбей, салауатты өмір салтын ұстанып, дене жаттығуларын үзбей жасап, дағдыға айналдырыңыз.
3. Өкпе мен ашу жүрген жерде, Сізден бақыт алыстай береді. «Бақытты боламын» деп ойламай-ақ қойсаңыз болады. Кешіру өте қиын, бірақ басқа ешқандай амал жоқ. Ешкімге ұқсамайтын дара болыңыз. Әзіл-сықақ күйзелісті жеңілдетеді, бақытқа бөлейді. Жеңіл жымиып жүруге машықтаныңыз.
4. Басқалардың мұқтажын түсініп, көмектесіңіз. Қуанышын бөліссеңіз – көбейеді, қайғысын жеңілдетсеңіз – қайғы да азаяды.
5. Бойыңызға сенімділік ұялата алсаңыз – жаныңыз тынышталады. Ақиқатты танып, сүйіспеншілікпен дұрыс әрекет жасасаңыз, жаныңызда тыныштық орнайды. Жан тыныштығы бар адам, ешкімге, ешуақытта қиянат жасамайды.
Нағыз бақыт осы емес пе?!
Жанерке ХУМАР
«Оңтүстік Рабат» газеті, №52, 26 желтоқсан 2018 ж
Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде
осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті