Мына жігіт – суретші. Суретші болғанда да, бармақтай суретші. Омар Бабажанов. Мәдениет сарайындағы жертөледен шықпайды.
Қолында қылқаламы, майлы бояумен кенеп бетін шимай-шатпақтап сызады да жатады. Әлдеқандай себеппен Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бейнеленген полотно қолдарыңызға тиіп жатса, оны осы Омардың туындысы деп қабылдарсыздар. Осы кезге дейін киелі қалаға зиярат ете келген зиялы қауымға сый-сияпаттау үшін мына алдында мольбертте тұрғандай 200-ге жуық сурет салыпты!
– Бұрын кесене маңында сағаттап отырып сызушы едім, қазір әрбір өрнегін, кірпіш-тасын жаттап алғаным соншалық, осында отырып-ақ сала беретін болдым.
– Басы-қасында болмағаннан кейін, сыртта отырып кесене сұлбасын дәл шығару қиын шығар? – деген күмәнімізді сездірдік…
«Сенбесеңіз, мына полотноны апарып салыстырып көріңіз», – деді.
Апардық. Айна-қатесіз. Аз-кем ауытқу бар, әрине. Дегенмен, фотокөшірме дерсіз!
Кім біледі, Омардың салған суреті талай адамның төрінде, құрметті жерде ілулі тұрған да болар…
Бекжігіт Сердәлінің Facebook парақшасынан