Мықты ер азаматқа лайық болу үшін…

1085

Мықты, нағыз ер жігіттер неге аз? Осындай сұрақ сізді мазалап көрді ме? Ал сіз өзіңіз қаталдау, сұсты, қашан көрсең шапқылап шаруа тындырып жүретін іскер, сіздің мыжыма әңгімеңізге уақыты қат ер адамның жанында болуға дайынсыз ба?

Егер жұбыңыздан басым түсіп, «лидер» болғыңыз келсе, ерте ме, кеш пе сіздің орныңызға ер адамның алдында бағынуды жөн көретін бикешті тауып алуы әбден ықтимал екендігін білетін шығарсыз…

Алкогольді ішімдікке әуес немесе ақымақ, «лузерлерді», яғни сәтсіздіктен көз ашпайтын еркекті іштей бейшаралау көріп және өзінің қуаттылығына әуелден көзі жеткен қыз-келіншек бейсаналы түрде таңдайды екен. Тереңдей үңілсек, мұндай әйелдердің ер адамға деген сенімсіздігі өзі тәрбиеленген отбасында ұрпақтан ұрпаққа беріліп, еселене түскенін байқауға болады.

Бақытсыз жұптардың нәзік жандысы еркекті «оңбаған», «ақымақ», «еркексымақ» секілді сұмпайы сөздермен атауға дағдыланып кеткен. Ал гендерлік рөл сақталған бақытты отбасыларда негізгі тұтқа әйелдің ер-азаматына деген сенімі мен құрмет күшінде!

Мықты ер-азаматпен жұп құрып түбінде оны өзгертіп, өз ырқына көндіріп, бағындырып алам деген әйел басты әйелдік ләззат-бағынудан жұрдай ақымақ. Оқып отырып ондаған әйел «біреуге бағынууу…» деп мырс ете қалған да шығар?! 

Ер адамға бағына білу және оған тәуелді бола білу біздің табиғатымызға тән. Өз құқын даулап, шаңырағының шырқын алу әйелдік табиғатымызға о бастан таңсық.

Ерінің таңдауын құп көріп, оны түсініңкіремесе де ығына жығыла білетін әйел. Отау құрған соң ер азаматыңызға төменнен қарап, немесе көзіңізді төмен салып, бірдеңені дұрыс жасамай қойғаныңызда оның ашуынан қорқып үндемей қалатын сәт жиі бола ма? Оның ашуынан қорқасыз ба? Немесе көкірек қағып, тіпті іштей болса да «менімен бұлай сөйлесуге қалайша дәтің барады» дейсіз бе? Жәй ғана еріңіздің ығына көне салып, қалауынша жасай салғыңыз келмей ме?

Менің өзім де үш жүз жыл бұрын сондай болғам. Күйеуімнен түк те қорықпайтынмын. Үйде де менің қалауыммен барлығы шешілетін. Нәтижесінде еркектің пікірі біздің үйде құны көк тиын боп менің көңілім қалды, күйеуім шаршады, ақыры ажырасып тындық. Мен берілмеймін, мен оған бағынышты емеспін деп іштей қайталай беруші ем. Бірақ, өз өміріме жүргізген билікпен қоса бар жауапкершілікті жүктеп алыппын. 

 Ер азаматыңыз бүкіл жауапкершілікті өз мойнына алғанын қалайсыз ба? Онда бар билікті еріңізге беріңіз! Билікпен қоса өзіңіз үшін де жауапкершілікті жұбайыңыздың мықтылығына сеніп тапсырыңыз. Сөз таластырып сумаңдағанды қойыңыз. Беріліңіздер, қыздар! 

Тағы бір маңыздысы: егер әйел бала кезінен өзі үшін де, балалары мен өмірі үшін де бар жауапкершілікті ер азамат көтеретінін, өзі ерінің жайын жасап, саясы болу керектігін біліп өссе, ойран болған отбасылардың қатары да азаяр еді.

Ұл балалардың аналарына да арнайы, өзекті өтініш. Ұлдардан ерік жігері жоғалған жан жасауды доғарыңыздар! Томпиған тоғызыншы сыныпта оқитын ұлының сөмкесін өзі көтеріп,  ұлының алдынан жүгіріп есік ашып, ұлының көзінше күйеуінің бетінен алып, сөзталастырғыш аналар, дереу бұл әдеттен арылыңыздар! Әйтпесе, біздің әлпештеген қыздарымызды сеніп беретін жігіт азайып кетуі мүмкін.

Авторы: Юлия Рублева

Аударған: Жанар Есенбекова