Талапқа сай емес пандустардың пайдасы болмай тұр

499

Мүмкіндігі шектеулі жандар әлеуметтік нысандарға қалай кіріп-шығып жүр? «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының мүшелері бастаған бақылаушы топ қаламыздағы бірнеше мекемені аралап, пандустардың жағдайымен танысты.

Олардың көздегені – жарымжан жандар үшін келешектің кедергісіз болуына жағдай жасау. Ал тексеру барысында анықталған кемшіліктер аз болған жоқ.

Бақылаушы топ қалалық №5 емханасы алдындағы пандустарды бірден байқады. Мүмкіндігі шектеулі жандар емдеу орнына кедергісіз кіріп-шығып жүр. Солардың бірі 80 жастағы кейуана Хаира Талапова. Ол жасы келген шағында құлап қалып, содан бері өздігінен жүре алмайды. Бірақ емханаға тексерілу үшін жиі келуге мәжбүр.

Хаира Талапова, қала тұрғыны: «Тағдырдың тауқыметімен осындай жағдайға түстім. Баспалдақпен жүре алмаймын, сондықтан осы пандус маған өте ыңғайлы».

Сөйтсек, Хаира апаға ыңғайлы баспалдақтың да кемшілігі бар екен. Мамандардың айтуынша, оның ұзындығы, градусы, екі жақтан ұстанатын темірі – барлығы ережеге сай. Ал тиісті тетіктерін әлі жасау керек.

Бауыржан Қуанышбеков, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары: «Бірінші мәселе – мүмкіндігі шектеулі жан автокөлігімен келгенде қайда қоятынын білмейді, өйткені арнайы белгі қойылмаған, тіпті, бос орын таппай қиналуы мүмкін. Екінші – сыртқы қақпадан бастап пандусқа дейін арбаға арналған жолақ болуы керек, ол жоқ. Үшінші – емхананың есігінің алдына келгенде арнайы қоңырау шалатын тетік болуы керек, қызметкерлерді шақыру үшін, ол да жоқ. Бірақ пандустың барлық өлшемдері талапқа сай».

25 адамнан құралған топ «Кедергісіз келешек» акциясы барысында тек пандустарды қарап қоймай, мүгедек жандардың мекеме ішіне кірген кезде еркін жүріп тұрулары үшін жасалған жағдайды да қарады. Мұнда да кемшіліктер кездесті. Емхана басшылығына ескерту жасалды.

Жібек Сейдалина, Шымкент қалалық №5 емханасының бас дәрігері: «Ескертулер болды, енді оны өзіміздің басшылықпен қарастырып, жаңа стандартқа сай өзгертуге күшімізді саламыз».

Комиссия тек қалалық бюджеттен қаржыландырылатын мекемелерді ғана тексерді. Айтуларынша, мемлекеттік нысандардың басым бөлігі пандуспен қамтылған. Иә, пандус бар, бірақ барлығы талапқа сай емес.

Биік, тар тайғақ, есігінен ішке ену қиямет. «Тар жол, тайғақ кешу» деп сипаттауға болады. Кейбір нысандарда пандус атымен жоқ. Ал Шымкент қаласы әкімінің мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселелері бойынша кеңесшісі бұл мәселе күн тәртібінен түспейтінін алға тартты.

Вадим Торопов, «Шымкент қалалық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, қала әкімінің мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың мәселелері бойынша кеңесшісі: «Мемлекеттік нысандардың басым бөлігінде пандустар бар, бірақ стнадарттардың өзгеруіне байланысты кемшін тұстары да жоқ емес. Десе де, алдағы уақытта бюджеттен ақша бөлініп, барлығы ретке келеді. Ал жеке меншік нысандарда иә, расымен де, проблема көп. Кәсіпкерлер жауапкершілікті мойындарына алғысы келмейді. Сауда үйлері мен дәріханалардың да көбінде пандус жоқ. Бұл мәселені көтердік. Лицензиясын тартып алуға дейін жеттік. Бірақ бұл заңмен қаралатын дүние болғандықтан құзыретімізге кірмейді».

«Кедергісіз келешек» акциясы жалғасын табады. Бұл топ білім, спорт, мәдениет нсандарын да аралайды. Соңында, тексеріс жұмыстарының қорытындысы шығарылып «Нұр Отан» партиясының бақылау кеңесінде қаралатын болады.

Жарымжандардың бітпес жыры әлі де айтыла бермек, тек нәтиже болса. Айта кетейік. Шымкентте 35 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар, олардың 5 мыңнан көбі балалар.

Әлия Әділбек