Қайтыс болған азаматқа жер беру туралы шешім шығарған

328

 ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысындағы Әдеп жөніндегі Кеңестің кезекті отырысы өтті.

Кеңес отырысында 14 лауазымды тұлғаның тәртіптік ісі қаралып, отырыс қорытындысымен Әдеп кодексінің талаптарын сақтамаған  8 лауазымды тұлғаның тәртіптік жауапкершілігін қарау ұсынылып, ал қалған 6 қызметкерге қатысты қозғалған тәртіптік іске тәртіптік жаза қолдану мерзімі өтуіне байланысты тоқтатылды, деп хабарлайды ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі.

Тәртіптік жаза қолдану ұсынылған лауазымды тұлғалар қатарында мемлекеттік сатып алу заңнамасының талаптарын сақтамаған Отырар ауданының білім бөлімінің басшысы Ж.Мұсатаеваға, Арыс қаласының білім бөлімінің басшысы Ә.Мұсаевқа және Жетісай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы М.Абишевке «сөгіс» түріндегі тәртіптік жауапкершілігін қарау туралы ұсынылды.

Ал, Жер заңнамасының талаптарын сақтамаған Мақтарал ауданының бірқатар ауыл әкімдері олар, Еңбекші ауылы әкімі Б.Агенов, А.Қалыбеков ауылы әкімі М.Битеміров, Мырзакент кенті әкімі М.Ердешов және Атакент кенті әкімі С.Азимовке ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылса, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібін сақтамаған Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары А.Ахметовке ескерту түріндегі тәртіптік жауапкершілігін қарау туралы ұсынылды.

Сонымен қатар, Мақтарал ауданының ветеринария бөлімінің басшысы (бұрынғы Ж.Нұрлыбаев ауылдық округі әкімі) А.Абдиев Қазақстан Республикасының азаматтығы жоқ тұлғаға және қайтыс болған азаматқа жер табыстау туралы шешім шығарғаны үшін, Әдеп жөніндегі кеңес аталған мәселені облыстық Ұлттық бюро департаментіне тиісті проецессуалдық шешім қабылдау үшін бірауыздан шешім қабылдады.

Сондай-ақ, Әдеп жөніндегі кеңесте сыбайлас жемқорлық заңнамасының сақталуы бойынша Облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Е.Жеңісбекұлының есебі тыңдалып, назарға алынды.

Ал, Сайрам ауданының әкімі Б.Мамаевтың сыбайлас жемқорлық заңнамасының сақталуы бойынша баяндалған есебі қанағаттанарлықсыз деп танылып, алдағы уақытта жүргізілетін нақты тапсырмалар берілді.