Шымкенттік шенеуніктер қасақана жемқорлыққа жол беруде

300

Шымкенттік шенеуніктер қасақана тұрмыстық жемқорлыққа жол беруде. Олар электронды түрде қызмет көрсетудің орнына әдейі мемлекеттік қызметшілерді тұрғындармен тікелей жолығуына жағдай жасап отыр. Әдеп жөніндегі кеңес парақорлыққа айқара жол ашып берген басқарма басшыларын тәртіпке шақырды.

Бұл мегаполистегі Әдеп жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы. Сондықтан да тұрмыстық парақорлыққа ашықтан-ашық жол беріп отырған пысықай шенеуніктер бірден жазаға тартылған жоқ. Тек ескертілді! Кеңес мүшелері заманауи жүйені пайдаланбай, ескі тетікпен екі асап қалуды көздеген шенеуніктерді тәртіпке шақырды.

Асқар Қаныбеков, Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы: «Жемқорлыққа жол бермес үшін іс-шаралар, жиналыстар өткіздік….».

Әли Көмекбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы: «Ура, ура» деп есеп беріп, баяндама жасағанмен, көрсеткіш төмен. Бұдан былай ертегіні қояйық. Жұмыс істейік. Бізге керегі – нәтиже!».

Ауыл шаруашылығы саласы ғана емес, білім, ақпараттандыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архивтер басқармаларының басшылары да онлайн қызметке шекесінен қарап отыр екен.

Бір ғана мысал, білім саласының қызметкерлері 9 айдың ішінде 97 мыңнан астам қызмет түрін атқарған болса, соның небәрі 32 пайызын ғана электронды түрде көрсетіпті. Сала өкілдерінің мүмкіндік бола тұра қызметтің 12 пайызын тікелей мекемеде атқарғаны мәлім болды. Жемқорлықпен күресушілер енді мектептердегі бей-берекет ақша жинауды да тыямыз деп отыр.

Ендігі жерде агенттік өкілдері онлайн қызмет көрсетудің үлгісін әрбір қызметкердің компьютеріне енгізіп береміз дейді. Ал оның қаншалықты басшылыққа алынатынына уақыт төреші. Дегенмен, бұдан былай мемлекеттік қызмет түрлерін көрсету кезінде бюрократиялық кедергілерге жол беретін шенеуніктер тек ескертумен ғана құтылмасы анық.

Мақпал Рысбаева