Шымкентте Әдеп жөніндегі кеңес отырысы жаңа форматта өтті

168

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің отырысы жаңа форматта өткізілді.

Бұл ретте, Әдеп жөніндегі кеңес жұмысының форматы ашық диалог жүргізу принципіне негізделіп, «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі алаңында алғаш рет өткізілді. Кеңестің отырысына Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері мен «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметкерлері, қоғам белсенділері қатысты.

Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Әли Көмекбаев өткізілген отырыс мемлекеттік орган басшыларымен ашық және мазмұны бойынша маңызды сұрақтарды қамтитын сұхбаттасудың алғашқы тәжірибесі болып табылатынын атап өтті.

Отырыс барысында Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Аманжол Нурсейітов мекемеде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау қорытындылары бойынша енгізілген ұсынымдардың орындалуы туралы баяндама жасады.

Оған қоса, Шымкент қаласы бойынша денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиевке сөз беріліп, онда ол қалалық медицина мекемелерінде халыққа сапалы медициналық көмек көрсету бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндамасын қатысушылардың назарына жеткізді.

Сонымен қатар, Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері әлеуметтік – маңызды салаларда, атап айтқанда денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларында одан әрі қолайлы жағдайлармен қамтамасыз ету бойынша шараларды талқылап, бюрократияның пайда болуы және қызмет көрсету кезінде сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу жолдарын қарастырды.

Кеңесте қоғам белсенділері медициналық қызмет көрсету саласы бойынша, атап айтанда ауруханалардағы ыстық тамақ, МРТ қорытындысы және т. б. өзекті мәселелерді көтерді.

Сонымен қатар, «Шымкент – адалдық алаңы» жоғарыда көрсетілген мәселелерді қалалық денсаулық сақтау басқармасымен тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою және азаматтар үшін қолайлы жағдай жасау жөніндегі бірлескен жобада пысықтайды. Сондай-ақ, жобалық кеңсенің басшысы Ерасыл Төлебаев жоба кураторларының сараптамалық кеңестермен және мүдделі мемлекеттік органдармен апта сайынғы кездесуі туралы хабарлады.

Қорытындылай келе, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Әли Амантайұлы қала тұрғындары Шымкенттегі мемлекеттік органдар қызметінің нәтижелерін сезінуі тиіс екенін атап өтті.