Шымкентте ірі сауда орталықтарында өзіне өзі қызмет көрсету бұрыштары ашылды

540

Шымкент қаласында енді «Самал», «Тұлпар», «Авто-Нұр» базарларында мемлекеттік қызметтерді алу кезінде азаматтарды электрондық үкімет порталымен белсенді пайдалануға тарту мақсатында өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары жұмысын бастады.

Аталған жоба ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бастамасымен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының белсенді қатысуымен іске қосылды.

Осы тұрғыдағы, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары қаладағы барлық мемлекеттік органдар, университеттер және колледждер, мектептерде жұмыс істеуде.

Бұл қызмет бұрыштары – халық көп шоғырланған жерлерде ұйымдастырылып, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында электрондық цифралық қолтаңбаны қажет етпейтін көп сұранысқа ие анықтамаларды алу кезінде ұзақ кезектілікті болдырмау мақсатында қызмет етеді.

Аталған қызмет көрсету бұрыштарында ХҚКО арнайы мамандар бекітілген.
Айта кету керек, мұндай өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштары бұған дейін «Қырғы» және «Айна»базарларында ашылған болатын.

Осылайша қаламыздың халық көп шоғырланған жерлерде азаматтардың цифрлық сауаттылық дағдыларын қалыптастыруға және азаматтар мен шенеуніктердің тікелей жолығуына мүмкіндік бермеуге өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары өз септіктерін тигізетініне сенімдіміз.