11 жасар баланы педофильден құтқарып қалған әжейді ІІД басшысы марапаттады. Зейнеткердің қылмыскерден жасөспірімді арашалап қалған сәті бейнежазба арқылы бүкіл Қазақстанға таралып, қайсар әрекетімен көпшіліктің ықаласына бөленген болатын.
67 жастағы зейнеткер балаға зорлық сипаттағы әрекет көрсеткен ер азаматты қылмыс үстінде ұстап, педофильге қатысты істің ашылуына көмектескен. Осы батылдығы үшін Оразкүл Айтжанованы бүгін қалалық ІІД бастығы Ералы Жұмаханбетовтың өзі марапаттады.
Зейнеткер күтпеген жерден қылмыстық оқиғаның куәгері болған. Баланы қылмыскерден құтқарып қалған әжей бүгін алғаш рет көпшіліктің алдына шықты. Ал оқиғаның өзі өткен 2018 жылдың шілде айында орын алған болатын.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр шілде айында Шымкенттегі көпқабатты үйлердің бірінде ер кісі үйге кіре берістегі есікті жауып, баланы ұрып-соққан болатын. Сөйтіп, киімін шешіп, зорлық сипаттағы әрекеттерді жасаған. Баланың айқайлаған дауысын естіген егде жастағы әйел ішке кіріп, ер азаматты қуып шыққан. Әрі бұл оқиға осында орнатылған бейнебақылау камерасына да түсіп қалған еді. Қала тұрғындары аталған видеоны желі арқылы таратып, жұрттың наразылығын туғызған.
Соңынан полицейлер күдіктіні қолға түсірді. Сот-медициналық сараптама жасалды. Сот айыпталушыны кінәлі деп танып, педофиль 15 жылға сотталды.
Лаура Нақыпқызы