Шымкент қаласының Полиция департаментінде 2019 жылғы 21 ақпанда сағат 11.00-де Департамент бастығы полиция полковнигі Е.М. Жұмаханбетов 2019 жылдың 16 ақпанында Құрсай мөлтек ауданындағы Жаңақұрылыс көшесінде орын алған өрттен сәбилерді аман алып қалған 13 жастағы Бақытжан Беркінбайды марапаттады.
ҚР Ішкі істер министрі полиция генерал-майоры Е.З. Тургумбаевтың бұйрығымен Бақытжан Беркінбайды «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалі және ата-анасына «Адам өмірін құтқаруда ерлік жасаған баласына үлгілі әрі өнегелі тәрбие бергені үшін» Алғыс хаты табысталды.
Еске сала кетейік: Сегізінші сыныпта оқитын бала отқа оранған үйге қорықпай кіріп, бір шетте қорқып отырған 6 жасар қызды және 3 жасар баланы далаға алып шығады. Айта кететін жағдай, Бақытжан өзі жақсы көретін футбол ойнап жүрген кезде қолын шығарып алыпты. Соған қарамастан, жігерлі жас батыр ер азаматтарға тән ерлік жасап отыр.
Кездесу соңында Е.М. Жумаханбетов өзінің және жеке құрамның атынан тәрбие берген ата-анасына және ұстаздарына алғыс білдіріп, Бақытжан өзінің ерлігінің, ер жүректігінің арқасында барлық құрдастарының арасында үлгі болғандығын атап өтті.
Сондай-ақ, ведомство басшысы Бақытжанға болашақта полиция мамандығын таңдаса, өз тарапынан қолдау көрсетіп ықпал ететінін жасырмады.