Шымкенттік тәртіп сақшылары мұқтаж отбасыларға көмек көрсетті

352

Адам өміріндегі ең игі істердің бірі – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Адамдар бір-біріне көмек қолын созу арқылы жақсылыққа қадам бастайды. 2019 жылы 20 ақпан күні көпбалалы отбасыларға көмектесу мақсатында Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Ералы Мұсаәліұлы Жұмаханбетов Шымкент қаласындағы анасынан жетім қалған үш отбасының үйіне арнайы барып, жағдайымен танысып қайтты.

Сол отбасылардың бірі – марқұм Тілемісова Анардың артынан төрт бала-шағасы қалған екен. Күйеуі болса 2016 жылы қаза болған. 4 бала нағашы әжесінің қамқорлығында, барлығы жалдамалы пәтерде тұрады. Үлкен екі бойжеткен қыздары студент, тағы кәмелет жасқа толмаған екі бала бар. Олардың барлығы қарт әжесімен бірге тұрады.

Екінші отбасы да Шымкент қаласының маңындағы елдімекен тұрғыны марқұм Жансая Ақтанбердиеваның артында 4 кәмелет жасқа толмаған балалары қалған. 4 баланы әкесі жалғыз өзі бағып отыр екен. Басында баспанасы, өзінде жұмысы да жоқ.

Балалардың қамқоршысы болған әкенің «Балалардың болашағы үшін қалаға келіп орналассам ба деген ойым бар. Сіздер тараптан маған көрсеткен көмектеріңіз болсын, нақты мекен-жайға тіркеу жағынан қол ұшын берсеңіздер» деген уәжіне Департамент бастығы өз тарапынан көші-қон басқармасының қызметкерлеріне тапсырып, оны тіркеуге алатынын, сондай-ақ, басқа да мәселелер бойынша кез-келген уақытта хабарласа алатынын және полиция тарапынан көмек көрсетілетінін атап өтті.

Үшінші отбасы марқұм Бағила Балданбаеваның артында 4 баласы қалған. Бала-шағасы үлкен қызының қамқорлығында. Оның өзі студент. Бұлар да жалдамалы пәтерде тұрады екен. Ең кішкентай бауыры 3 жаста.

«Жанашырлыққа – жан риза» дегендей, сауабы бар іске ат салысу әрбір жанның азаматтық парызы деп білетін Шымкент қаласы Полиция департаментінің жеке құрамы бірігіп, мұқтаж әр отбасыға ақшалай көмек көрсетті.

Шымкент қаласы Полиция департаменті тарапынан бастау алған бұл игі бастаманың негізгі мақсаты – кәмелетке толмаған жетім қалған балаларға жан-жақты көмек көрсету болып табылады. Ата-анасынан айрылған жандарға қайырымдылық көмек көрсету Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы тарапынан алдағы уақытта да жалғасады деген сенімдеміз.

Жанар Есенбекова