Úı ANONS Жаңа платформа: Қайырымдылық әрекеті тексеріледі

Жаңа платформа: Қайырымдылық әрекеті тексеріледі

Елімізде әрбір екінші қазақстандық мұқтаж жандарға қол ұшын созады. Қоғамдық даму институтының зерттеуінше, халықтың басым бөлігі ақшаны қорларға емес, тікелей мұқтаж адамның өзіне бергенді жөн көреді. Демек, жұрттың делдал ұйымдарға деген сенімі төмендеу. Осы күмәнді азайту үшін Мәжіліс қайырымдылық саласына бақылауды күшейтетін жаңа тетіктерді қарастырып жатыр. Жаңа ережелер халықтың ниетін алаяқтардан қалай қорғайды?

 

 Әлеуметтік желідегі «емге ақша жинау», «көмек сұраймын» деген хабарландырулар жиі кездеседі. Бірақ жиналған қаражаттың шынымен мұқтаж жанға жеткенін кім қадағалайды? Енді бұл салаға мемлекет тарапынан бақылау күшейтілмек. Жаңа заң жобасына сәйкес, елімізде арнайы мемлекеттік қайырымдылық платформасы құрылуы мүмкін. Бұл — қайырымдылық саласындағы ашықтықты арттыруға бағытталған ортақ жүйе. Енді ақша жинайтын қорлар да, көмек сұрайтын азаматтар да осы сайтта егжей-тегжейлі тексерістен өтеді. Кімнің қанша қаражат жинағаны және оның қайда жұмсалғаны ашық көрсетіледі. Жүйені жасау Еңбек ресурстарын дамыту орталығына тапсырылған.

 

«Бұл платформа қайырымдылықтың басқа түрлерін жоққа шығармайды. Қайырымдылық ұйымдары мен жеке бастамалар мемлекеттік платформадан тыс жұмысын жалғастыра алады. Дегенмен, платформада жарияланған жобалар үшін верификацияға, ашықтыққа және есепке алуға қойылатын бірыңғай талаптар енгізіледі».

 

 Мемлекет ешкімді мәжбүрлемейді. Еріктілер бұрынғыдай әлеуметтік желі арқылы өз бетінше қаражат жинай алады. Алайда платформадан тыс жүргізілетін ақша жинау әрекеттеріне қатысты бақылау талаптары күшейтілуі мүмкін. Мамандардың айтуынша, күмән тудыратын аударымдарға банктер мен тиісті органдар назар аударады. Ал ресми платформаға тіркелген қорлар үшін есеп беру тәртібі нақтырақ болады.

 

Ұйымдардың жиналған қаржыны қалай жұмсағаны ашық көрсетіледі. Сонымен қатар, заң жобасында қорлардың әкімшілік шығындарына шектеу енгізу қарастырылған. Яғни, қаражаттың басым бөлігі тікелей мұқтаж жандарға бағытталуы тиіс. Бұл бастама қайырымдылық саласындағы ашықтықты күшейтуге бағытталған. Дегенмен, бұл шешімге тұрғындардың пікірі әртүрлі.

 

Бұдан бөлек, жаңа заң аясында әкімдіктерге «ақылды қала» технологияларын дамытуға мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ, отандық компьютерлік бағдарламалар мен киберқауіпсіздік өнімдерін әзірлейтін мамандарға мемлекеттік қолдау көрсету көзделген. Ал жер және картография саласында бірыңғай координаттар жүйесі енгізілмек. Бұл жер кезегін реттеуге және құрылыс жоспарларын ашық жүргізуге мүмкіндік береді.

Ботакөз Әнуар