Төтеншеліктер темір жол вокзалында жүр…

297

Жолаушылардың міндеті діттеген жеріне аман жету. Ал оның қауіпсіздігін қамту сала мамандарына тиесілі. Бүгін төтеншеліктер темір жол вокзалы қызметкерлері және жол жүруші жандармен кездесті. Сақтық ережелері жазылған парақшаларын таратып, апатты жағдайдың алдын алуды үйретті.

Жолаушылардың сақтығын ойлаған төтеншеліктер темір жолда жүр. Сапарға шыққан көпшілікке айтып келмейтін апаттың алдын алуды үйретуде. Бұл жолы вахтаға аттанған жолаушылармен тілдесті. Жолсерікке айналған ұялы телефонды қуаттаудың ережелеріне дейін түсіндіріп, мұқият болуға шақырды.

Нұрмұхамбет Постамбек, Еңбекші аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инжинері: «Өрт деген тілсіз жау. Оның қашан шығатынын білмейсің. Оның алдын алу үшін осындай профилактикалық түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Яғни, өртті болдырмау үшін қандай талаптар қойылады, өрт болған жағдайда шығындарды төмендету үшін қандай тиімді жағдай жасалуы керек? Осындай түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз”.

Жолға шыққан жандардан бөлек төтеншеліктер насихатын вокзал қызметкерлері де тыңдады. Айтуларынша, мұндай түсіндіру жұмыстары оларға қажет. Себебі қауіпсіздік ережесін білу арқылы теміржол мамандары өздерін ғана емес халықты да тілсіз жаудан құтқаруы мүмкін.

Ізімгүл Бижанова, теміржол вокзалының қызметкері: «Өткізіліп жатқан түсіндірме, ақпараттар халыққа өте пайдалы деп түсінемін. Өйткені кейінгі кезде оқыс жағдайлар жиілеп кетті. Бұл барлық отбасына сабақ деп ойлаймын. Жұмысшыларға да бұл кеңестер керек. Әрбір адам өз қауіпсіздігіне жауап беруі керек».

Еске сала кетейік, қалалық төтенше жағдайлар қызметкерлері өткен аптадан бері түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Газдан улану және өрттің алдын алу шаралары бұған дейін тұрғын үйлерде насихатталса, енді халық тығыз жиналған жерлерде өткізілуде. Одан бөлек, кәсіпкерлер жағдайы төмен отбасыларға газонализаторлар қондыруды жоспарлап отыр.

Назерке Үкібасова