Ауқымды медициналық іс-шара кезінде 32 жастағы әйел көптен күткен жүктілік туралы білді

370

Дәрігер тексеруіне анасын алып келген 32 жастағы Леңгір қаласының тұрғынына ақ халаттылар аяғының ауыр екенін анықтап берді.

Түркістан облысының емханаларында өтіп жатқан “Ашық есік” күні 32 жастағы әйелдің өмірін күрт өзгертті. Бүйрегін тексертуге анасын алып келген әйелге ақ халаттылар тексеруден өзінің де өтуін ұсынған. Аяғының ауыр екенін естіген кезде өз құлағына сенбеген келіншек емханадан қаша жөнелді, дейді дәрігерлер. Алайда араға аз уақыт салып келген әйелдің жақындары оның жылдар бойы аңсаған арманының орындалғанын жеткізген.

Төле би ауданының Ленгір қаласындағы жүзден астам көпбалалы әйелдер аудандық емханада толық медициналық тексеруден өтті. Медициналық және әлеуметтік-психологиялық көмекті тәжірибелі гинекологтар, психологтар, невропатологтар, педиатрлар, хирург және травматолог-ортопедтер көрсетеді. Түркістан облысының барлық аудандық емханаларында дәрігерлер көп балалы аналарды кезексіз қабылдап, дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етеді.

Леңгір қаласының емханасында бірнеше сағат ішінде 100-ге жуық көп балалы аналарға медициналық көмек көрсетілді. Олардың 10-нан астамы порталға кезекке қойылды, кейбіреулері күндізгі стационарға емделуге жіберілді.

Ақпан айының 20 – нан бастап Түркістан облысының барлық аудандық емханаларында көпбалалы аналар үшін «Ашық есік» күндері өтуде. Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігі, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығының ұйымдастыруымен қолға алынды. Дәрігерлер көпбалалы аналарды ақысыз медициналық тексеруден өтіп, медициналық сараптамалардан өтуге шақырады.