Бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев 8 наурыз — Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында нәзік жандылар қауымын құттықтады. Аудандардан келген 200-ден астам «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелеріне мерекелік дастархан жайылды.
Арнайы ұйымдастырылған салтанатты шарада тыл еңбеккерлері, көп балалы аналар мен түрлі салада еңбек етіп жүрген нәзік жандылар төрден орын алды. Облыс басшысы өңір дамуына өлшеусіз үлестерін косып келе жатқан аналарымызға өз алғысын білдірді. Сондай -ақ, жиынға келгендердің арасынан 21 анаға облыс әкімі алғыс хат табыс етті.
Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «Сіздерді көктемнің шуақты мерекесі Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Батыр да, ақын да, алып та анадан туады. Сондықтан жер бетінде ана туралы тебіренбеген адам, ана туралы жыр жазбаған ақын жоқ. Қазақта «Ана алақанның аясы, Ақ шынардың саясы» деген мақал бар. Әрбір перзенттің парызы – алдымен ана сүтін ақтау, ардақты анаға құрмет көрсету. Кезінде заңғар жазушымыз Ғабит Мүсірепов «Әйел ашуланса жеңіледі, еркелесе жеңеді» деген екен. Әлемді, жерді жарық етіп отыратын екі нәрсе бар. Біреуі – Күн, екіншісі – әйел. Ел аузындағы осы қанатты сөз бүгінгі мерекенің ажарын ашып тұрғандай. Егер әр отбасыда ана бақытты болса, онда тұтас ел бақытты болады! Бүгінгі жылы сөздер де, құрмет те тек қана Сіздерге арналады. Барша ақ жаулықты аналарымыз бен қыз-келіншектердің отбасына амандық, жұмыстарына береке тілеймін. Жүздеріңізден күлкі, жүректеріңізден махаббат, көңілдеріңізден шаттық пен қуаныш кетпесін! Мерекелеріңіз құтты болсын!» — деді.
Іс шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Ардақ Берден