Шымкентте фитосанитарлық талаптарға қоғамдық мониторинг жүргізілді

483

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті жанындағы Арнайы мониторингтік топ және ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Шымкент қаласы бойынша аумақтық инспекциясының өкілдерімен бірлесіп «Қазыбек би» көтерме базарына қоғамдық мониторинг жүргізілді.

Мониторинг жүргізуге 2019 жылғы 19 ақпаннан бастап уақытша карантиндік фитосанитариялық шараның қабылдануына байланысты, Қазақстанда Қырғызстан мен Өзбекстаннан әкелінетін өнімдерді елге әкелуге тыйым салуы негіз болды.

Мониторинг барысында базар аумағында Қазақстан Республикасының аумағына енгізілген тыйым салынғаннан кейін келген алма өнімдері бар Қырғызстан аумағында тіркелген екі жүк көлігі анықталып, аталған 8 тонна және 4 тонналық көлік құралдары Республикадан тыс шығарылды.

Сонымен қатар, Алматы қаласынан жеткізілген 10 тонна алма өніміне карантиндік сертификаттың болмауы фактісі анықталып, оған ҚР «Өсімдіктер карантині туралы» Заңының 13-бабының 4-1 тармағын бұзғаны үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР кодексінің 400-бабы 1 тармақ 16 тармақшасына сәйкес жеке тұлғалға айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолданылды.

Айта кетейік, ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сәйкес, Қырғыз Республикасынан және Өзбекстан Республикасынан енгізілген карантинге жатқызылған өнімдерден жүйелі түрде мынадай карантиндік объектілердің анықталуы жиіленіп кетті: – алма және құрмада карантиндік объект Комсток сымыры – Pseudococcus comstocki (Kuwana); – картопта карантиндік объект картоптың алтын түстес жұмырқұрты Globodera rostochiensis (Wollenweber) Behrens.

Осыған байланысты, мемлекеттік қызмет, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және әдеп салалары бойынша сұрақтар мен ұсыныстарды Департаменттің 51-51-51 сенім телефонына немесе memkyzmet.kz сайтында хабарлауға болады.