Шымкенттік дәрігерлер алғаш рет буынға тіліксіз ота жасады

369

№1 қалалық клиникалық ауруханасында дәрігерлер буынға алғаш рет тіліксіз ота жасады. Жабық операцияны хирургтар жол апаты кезінде зардап шеккен 19 жасар қызға жасады. Ота кезінде мамандар бойжеткеннің аяғындағы жарылған сіңірін хирургиялық жолмен байлап берді.

Айта кетейік, жабық операция Алматы қаласындағы Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің м.ғ.к профессор Арман Абдуразаковтың жетекшілігімен өтті. Білікті маман операция жасау арқылы жергілікті ақ халаттылармен тәжірбие алмасты.

Шеберлік сабағы кезінде білікті маманның жетекшілігімен аурухана базасында 2 пациенттің тізі буынына тіліксіз ота жасалды.Тіліксіз операция жасау үшін травматологтар «артроскоп» аппаратын қолданып, аяқтағы жарақатты хирургиялық жолмен емдеп берді.

Бұрын мұндай оталарды жасау үшін езіліп кеткен жілікшелерді тізені тіліп, буындарды ашып барып алатын. Енді дененің екі-ақ жері тесіледі. «Бұл әдістің науқастардың ертерек аяғынан тік тұрып кетуіне пайдасы көп және денеге тыртық түспейді»,-дейді мамандар.