Шымкенттік мың отбасыға газ дабылқаққышы орнатылады

296

Әсіресе әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға тегін қойылады. Әзірге бес жүзге жуығын қондырып үлгерген төтеншеліктер сақтық шараларын ұмытпауға үгіттеп жүр. Бүгін баспасөз мәслихатын өткізген ТЖД басшылары көгілдір отыннан улану оқиғалары 14 пайызға азайғанын айтып сүйінші сұрады.

Қала әкімінің қаржылай қолдауымен алынған дабылқаққыштың 450 данасы өз орынын тапты. Төтеншеліктер қаражат мәселесі шешілсе бұл жұмысты әлі жалғастырамыз деп отыр .Себебі биылдың өзінде газдан уланудың төрт оқиғасы тіркеліп, 5 адам мерт болған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 37 пайызға төмен деп марқайғанымен, ең басты құндылық адам өмірі екенін ұмытпаған жөн деп қосты.

Түсіндіру жұмыстарына әлі 15 млн. теңге бөлінеді деген жоспар бар Бір өкініштісі, шаһарда 30 көпқабатты үйдің тұрғындары әлі күнге дейін газ баллонын пайдаланады. Осыны анықтаған сала мамандары жергілікті билікке ұсыныс хат жолдапты. Айтуларынша, екінші қабаттан жоғары газ баллонын пайдалануға тиым салынған.

Нұрблат Дербісов, Шымкент қалалық ТЖД бастығы: «Соңғы жылдары салынып жатқан көпқабатты үйлерге табиғи газ кіргізіліп жатыр. Ал бұрынғы талап бойынша 5 қабаттан кейін электр қондырғылары қойылатын еді».

Осы саладағы және бір мәселе өрт сөндіру кезіндегі су себу үшін қолданылатын су шүмегі. Қалада 5 мың 250 су шүмегі бар, оның мыңға жуығы жөндеуді талап етеді. Ал бұл қондырғысыз өртті дер кезінде ауыздықтау оңайға соқпайды. Төтеншеліктер қаржы көзін қарастырып, оны да түгендеудің жолын іздеуде.

Нұрлан Күдерұлы