СМАРТФОНМЕН КЕЗЕККЕ ТҰРАСЫЗ

250

Дәрігердің қабылдауына жазылу үшін ұзынсонар кезекке тұрудың қажеті жоқ. Ақхалаттылар осылай дейді. Сөздеріне сенсек, ақпараттық технология қарыштап дамыған заманда емханалардағы қабылдау кестесі электронды форматқа көшкен. Яғни, енді бұрынғыдай дәрігердің кабинетінің алдында кезекке тұрып, уақытты текке өткізбейсіз. Өзіңізге ыңғайлы күні, сағатта кез келген маманның қабылдауына кіре аласыз. Денсаулық сақтау саласындағы мұндай ілгерушілік «DamuMed» қосымша жүктемесі арқылы жүзеге асырылуда.

ҮЙДЕН ШЫҚПАЙ ДӘРІГЕРГЕ ЖАЗЫЛА АЛАСЫЗ

Бүгінгі таңда Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты 11 емхана бар екен. Басқармадағылардың айтуынша, осы емдеу мекемелерінің барлығы дерлік «DamuMed» қосымша жүктемесімен жұмыс істейді. Мұнда әр бір емхана жайлы мағұлмат пен ондағы дәрігерлердің жұмыс істеу кестесін көріп қана қоймай, учаскелік не салалық дәрігерге жазыла аласыз. Немесе оны үйге шақыртуға болады. Сондай-ақ, мұнда сізге тағайындалған дәрі-дәрмектердің, тапсыруға міндеттелген талдамалардың тізімін көруге мүмкіндік бар. Айтпақшы, жасыңызға немесе денсаулық көрсеткішіне байланысты өту керек тексерістер жайлы ақпарат та смартфоныңызға келіп тұрады.
Қала тұрғыны Мейіржан Ілиясұлының «DamuMed» қосымшасын қолданғанына көп болмады. Төрт баланың әкесі аталған қосымшаның «шарапатын» балаларын профилактикалық тексерістен өткізгенде көріпті.
–Төрт балам бар. Үшеуі мектепте оқиды. Біреуі балабақшаға барады. Осыдан бірнеше жыл бұрын балалар мектепке, балабақшаға баратын кезде профилактикалық тексерістен өттік. Сонда әбден қиналдық. Азанда ерте балалармен келсек, «Бүгін дәрігердің қабылдайтын күні емес», «Дәрігер мектептерде тексерісте жүр»,«Кезекке жазылмағансыздар» деп қайтқан күндеріміз аз болмады. Ал кезекке жазылайық десек, бірнеше аптаға дейін алдын ала жазылып қойғандар көп. Сөйтіп, кезегімізді сарыла күтетінбіз. Уақыты өтіп кетпесін деп уайымдайтынбыз. Кейде дәрігерге жазылған уақыт жұмыстағы қарбаласпен тұспа тұс келетін. Жұмыстан қайта-қайта сұрана да алмайсың. Ал енді, қажетті дәрігерді таңдай отырып, өзімізге ыңғайлы күнді, уақытты белгілеуге мүмкіндік бар. Сөйтіп, дәлізде кезекке тұрып, уақытымызды текке өткізбей, қабылдауға бірнеше минут қалғанда келіп, дәрігерге қараламыз,- дейді Мейіржан Ілиясұлы.
Денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала бөлімінің басшысы Глазебная Инна Михайлқызының айтуынша, жүктеме іске қосылғалы емханаларда халықтың қалың қарасы азайған. Ұзынсонар кезек жоқ, айқай шу тыйылған. Дәрігерлердің де жүктемесі жеңілдеген. Себебі, енді олар сол күнге бекітілген белгілі бір мөлшердегі халықты ғана қабылдайды. Артық адамды қарамайды.

ЖАЗЫЛУ ПАРАҒЫНДА ОРЫН ЖОҚ

Дейтұрғанмен емханалардың жұмысына көңілі толмайтындар да табылады. Редакцияға хабарласатын кейбір оқырмандарымыз «Емханаларда дәрігерге қаралу, әсіресе салалық мамандардың алдына кіру қиынның қиыны» дейді. Сөздерінше, тіркеу орнына қашан барса да дәрігерге талон болмайды, ал алдын ала жазылу парағында екі үш аптаға дейін орын жоқ болады. Сөйтіп, өз кезегін апталап, кейде айлап күтеді-міс. Олар мұндай бассыздықтың балалар емханаларында жиі орын алатынын айтуда. Оқырмандарымыз «мұның барлығы да қолдан жасалып отыр» деп ашынады. Оған себеп те жоқ емес. Айтуларынша кассаға белгілі бір мөлшерде ақша төлесең, бағана ғана алды лық толы болып, сені қабылдай алмайтын дәрігердің алды босап қалады. Алайда, қалалық денсаулық сақтау басқармасындағылар мұны жоққа шығаруда. Ана мен бала бөлімінің басшысы Инна Михайлқызының айтуынша, қалалық емханалардың барлығында дерлік маман жеткілікті. Салалық дәрігерлердің тапшылығы сезілмейді. Ал маман жеткіліксіз болған жағдайда емханалар әлеуметтік медициналық сақтандырудың қоры арқылы кепілдентірілген медициналық қызмет түрін көрсететін өзге де медициналық мекемелермен келісім шартқа тұрып, сол мекеменің маманының қызметіне жүгіднеді. Тұрғылықты мекенжай бойынша емханаға тіркелген кез келген азаматқа ол ересек болсын не бала болсын тегін медициналық қызмет көрсетіледі. Ақылы негіз:
–кепілдендірілген медициналық қызмет түріне жатпайтын шаралар үшін;
–тұрғылықты мекенжай бойынша тіркеуге тұрмағандарға;
–шетел азаматтарына қолданылады.
Тұрғылықты мекенжай бойынша тіркеуге тұрған азаматтар, жүкті әйелдер, 18 жасқа толмаған балалар, зейнеткерлер, мүгедектер және әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қатысушысы болып табылатын кез келген жан дәрігерге қаралуға, медициналық көрсеткіштеріне байланысты тегін ем-дом алуға, санаторлық орындарда демалуға, ота жасатуға, дәрі-дәрмек алуға құқылы.

Түйін. Ақпараттық технология біздің өмірімізге етене еніп келеді. Барлығы да халық игілігі үшін жасалуда. Еңбастасы, жаңашылдықты жатырқамай заманның талабына ілесіп, сол мүмкіндіктерді дұрыс пайдалана білу керек.

Айжан Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат» газеті, №11, 13 наурыз 2019 ж

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті