Шымкентте ХҚКО-нан қызмет алушылар саны күрт көбейді

39

Шымкенттегі халыққа қызмет көрсету орталығында қарбалас туындады. Тұрғындар қызмет алу үшін 2-3 күш кезек күтуге мәжбүрміз дейді. Өйткені, адам саны әдеттегіден көп. Әсіресе шетелден жұмыс іздеп келген мигранттар басым. Ал әлеуметтік желіде жақында база жұмыс істемейді деген ақпарат тараған. Бұл қаншалықты рас? Қарбалас қашанға дейін жалғасады?

Бұл Абай ауданына қарасты халыққа қызмет көрсету орталығындағы көрініс. Мұндағы азаматтардың басым бөлігі Өзбекстаннан жұмыс іздеп келген азаматтар. Адам көптігінен тұрғындар ұзын сонар кезек күтуге мәжбүр. Қайнарбұлақ саяжайының тұрғыны Гүланда Сатыбалдиева немересін тіркеуге алу үшін 3 күннен бері орталықтың табалдырығын тоздырып әлек. Тіпті бүгін таңғы сағат 5 тен бастап кезек алыпты.

«Мен жаңа қан қысымым көтеріліп құлап қала жаздадым. Өзбекстандықтарды басқа жаққа қойсын. Біз өз адамдарымыз қап кетіп жатыр. Мынау шеттен келгендер кіріп кетіп жатыр. Немерелерімді тіркеуге қою үшін 3 күннен бері сандалып жүрмін»,деді Гүланда Сатыбалдиева.

Әбден кезек күтіп шаршаған тұрғындар шетелден келген азаматтарды бөлек қабылдау мүмкіндігін қарастырсын деген ұсыныс айттты. Себебі қазір, бір қызмет алу үшін бірнеше күн сабылуға тура келіп отыр дейді жұрт.

Статистикаға сүйенсек, орталық соңғы екі күнде тәулігіне шамамен мыңнан астам адамға қызмет көрсетіп жатыр екен. Ал бұған дейін бұл көрсеткіш 100-ге де жетпеген.

«Қара халықты бөлек істесін. Анау 10-15 тен келетін жұмысшыларды бөлек істесін. Екі күннен бері осы жерде жүрмін. ЖСН ашып кел деді. Жете алмаймын ашуға. Менің алдымда 98 адам бар. Мен 25-ші болып жазылдым. Неге бір адам келеді, 10 жұмысшысын жазып алады. Оларды өткізгенше біз қараап отырамыз»,-дейді Абай ауданының тұрғыны Халима Пірімқұлова.

Әлеуметтік желіде халыққа қызмет көрсету орталығының базасы жақында жұмыс істемейді деген қауесет тараған. Қарбаласқа осы да себеп болуы мүмкін. Бірақ жауаптылар бұл ақпаратты жоққа шығарды. Сөздерінше, бұған дейін базада ақау болғаны рас. Ал қазір бәрі ретке келтірілді. Ал қарбалас шетел азаматтарына қойылған шектеуге байланысты болып отыр дейді.

“Қазір жылдың басынан бері заң шықты. Бұрын Өзбекстан азаматтары 1 айға келетін еді. Қазір 90 күнге шектеу қойылды. Әр үш ай сайын мерзімін ұзартып отыруы керек. Қазіргі қарбалас осыған байланысты туындап отыр. Өйткені, шетелдіктер үш айдан кейін келісім шарт жасасып, бізге келеді. Қазір жаз келіп, құрылыс маусымы басталып жатқанына байланысты Өзбекстаннан жұмыс істеуге келгендер көбейген. Ресей мен Қырғызстаннан да азаматтар бар»,-дейді Абай аудандық ХҚКО-ның бөлім басшысы Азамат Жанысбаев.

Жауаптылар «шетелдіктерді бөлек қабылдасын» деген тұрғындардың ұсынысын назарға алып, алдағы уақытта қарастырып көретінін айтты.

Ал одан бөлек қарбаласты азайту мақсатында қалада 7 халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Азаматтар өзіне жақын кез-келген орталыққа жүгінуіне болады. Сондай-ақ қосымша жұмыс орындарын көбейту де қолға алынған.