Атаулы әлеуметтік көмек алуға 18 мыңға жуық тұрғын өтініш берген

174

«Атаулы әлеуметтік көмектің де сұрауы бар. Мұқтаж отбасыларға берілетін бұл жәрдем сол тұрғындардың тұрмысын түзетуге жұмсалуы қажет». Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова журналистермен өткен брифингте осылай деді.

Айтуынша сәуір айының басынан бастап әлеуметтік көмек алуға 18 мыңға жуық тұрғын өтініш берген. Биыл бұл жәрдемге 24 мыңға жуық отбасы қол жеткізуі мүмкін екен. Демек, былтырғымен салыстырғанда жәрдемге қол жеткізетін отбасылар саны екі есеге артқалы отыр дейді мамандар. Дегенмен, жауаптылар қаражатты беруде де, оны жаратуда да қатаң қадағалау болатынын қадап айтты.

Гүлжан Құрманбекова, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Қаражатты қалай болса солай жұмсап, мемлекетке қол жайып отыра бермеу керек. Кәсіп ашып, жұмысқа тұрып, отбасының жағдайын жақсартатын шаруалар атқарылуы тиіс. Атаулы әлеуеттік көмекті тағайындаудағы басты мақсат –  халықтың жағдайын жақсарту. Сол орындалу керек».

Қазір қалада 9 жерде құжат қабылдау орны ұйымдастырылған. Ондағы қарбаластан хабардар қала әкімінің орынбасары бұл уақытша жағдай дейді. Атаулы әлеуметтік көмекті үлестірудің келесі кезеңдерінде жұмыс жүйеленеді деп сендірді. Жергілікті тұрғындардың әлеуметтік картасы толық жасақталып болғанда жәрдемақы алудағы қағазбастылық та жойылады дейді сала қызметкерлері.

Мақпал Рысбаева