Шымкенттік білім ошағында қазақ тілі дәріптелді

346

Бүгін қаламыздағы №46 мектеп-лицейінде білім алатын өзге ұлт өкілдері тек қазақ тілінде сайрады. Халықтар достығы мен ұлттар сабақтастығы көрініс тапқан шара керемет өтті.

«Қош келдіңіздер!» деп басталған өнегелі шараға мектептегі барлық этнос өкілдері қатысты. Орыс тілді сыныптардың оқушылары бұл күні тек қазақша амандасып, жөн-жоралғы сұрасып, үлкенге құрмет, кішіге ізет танытты.

Милас Гайсин, 9-сынып оқушысы: «Қазақстан республикасында тұрған әр ұлт қазақ тілін білуі керек. Салт-дәстүрін де білу керек деп ойлаймын».

Фестивальге қатысушылар тек ана тілімізде сөйлеп қана қоймай, кенже қалған әдет-ғұрпымыз туралы білім деңгейлерін көрсетті. Ұлттық мәдениет пен отбасылық құндылықтар сахналанған қойылым да ұсынды. Қазақша ән айтып, би билеп, өнерлерін ортаға салды.

Айнұр Әбдіғаппарқызы, №46 мектептің қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі: «Біздің мектеп аралас мектеп болғандықтан, өзге ұлт өкілдері көптеп оқиды. Қазақ тілі пәнінің мұғалімі ретінде өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін сыйлауға, қазақ тілін білуге, меңгеруге деген олардың қабілеттерін оятып, өзіміздің бар білімімізді, шығармашылық қабілетімізді пайдаланып, соған еңбек етіп келеміз».

Айта өтейік, аралас білім беретін №46 мектеп-лицейінде 3240 бала білім алса, соның тең жартысы өзге ұлт өкілдері. Білім ошағы 30-ға жуық этностың татулықта жүргенін айтады.

Айя Мүтәлі