Úı ANONS Ресейде қазақ тілін үйренгісі келетін қандастар саны артқан

Ресейде қазақ тілін үйренгісі келетін қандастар саны артқан

Ресейде қазақ тірін үйренем деген қандастардың саны артты. Қазақтар көп шоғырланған өңірлерде тіпті міндетті пән ретінде де орта мектептерде оқытыла бастады. Ресейдің білім жүйесіне сай оқулықтың жоқтығы біраз уақыттан бері тіл үйретуге кедергі келтірген екен. Бірақ бұл мәселе де шешімін тапты.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Алтай өңірінің мұғалімдері көз майын тауысып, өз күшімен қазақ тілі оқулықтарын жазып шықты. Бұл кітаптар Ресейдің білім беру стандартына сай келеді. Сондықтан енді орта мектептерде қазақ тілі міндетті пән. Әрине, ата-аналардың тарапынан сұраныс болса.

Жасмин Әбдінасырова, 7 сынып оқушысы: «Қазақ тілін кемінде аптасына екі рет оқу керек деп есептеймін. Себебі ана тілін үйрену өте қызық. Туыстарым қазақ тілінде сөйлейді, сондықтан олармен тілдесе аламын. Өз қабілеттерімді көрсеткім келеді»

Түмен, Омбы, Астрахан облыстарына қазақ тілін үйренуге құлшыныс өте жоғары. Жуырда Мәскеуде қазақ ұлттық мәдени орталығы ашылса, онда да тіл үйірмелері болады деген үміт бар. Қазір Ресей астанасында Қазақстан павильонында қазақ тілі аптасына бір рет тегін оқытылып жатыр.

Гүлбайра Абайқызы, қазақ тілі мұғалімі: «Бастағанда 2002 жылы бастағанбыз. Ол уақытта балалар азырақ болған соң 2005 жылдары тоқтатып тастадық, себебі  ата-аналардың тарапынан сұраныс болмады. Былтырдан бастап қарап жүрміз, балаларда қызығушылық пайда болды. Балалардың өздері ата-аналарына сұрақ қоя бастады, мен өз тілімді неге үйрінбеймін деп».

Сонымен қатар, Ресей қазақтары «Отандастар» қоры ұйымдастырған онлайн  қазақ тілі сабақтарына да қатысуда. Ал өңірлердегі басты мәселе – қазақ тілінен сабақ беретін маман тапшылығы. Дегенмен, мұндай мәселелерге қарамастан  көрші елдегі қандастардың қазақ тілін жетік меңгеруге деген ынтасы жоғары. Айта кетейік, жалпы Ресейде 600 мың қазақ бар.

Индира Асанова,

Мәскеу