Тұрғын үй кезегіне құжаттар қайта қабылданып жатыр

324
фото Abai.kz

Бұған дейін әлеуметтік топ, мүгедектер, көпбалалылар деп бөлінген санаттар өз ішінде тағы тармақталады. Яғни, көпбалалылардың өзі түрлі деңгейге жіктелмек. Осыны уақыт өте келе ескерген мамандар кезекті жасақтауды қайта бастады.

Айгүл Жалалова — 5 баланың анасы. 15 жылдан бері пәтерден пәтерге сенделіп жүрген ақ жаулықтының бір перзенті мүгедек. 6 жастағы науқас баласы туылғалы жұмысын тастаған. Ал, жолдасы теміржол қызметкері. Айлығы шайлығына жетпейтін жанұя 4 жыл бұрын үй кезегіне тіркелген. Бірақ, содан бері олардың төзімі кезек санына телмірумен таусылыпты.

Айгүл Жалалова, көпбалалы ана: «Кезекке 7500-ші болып тұрғанмын. 4 жылдың ішінде кезек 2000 адамға жылжыған. Қазір 5888-ші болып тұрмын. Кезек өте жай жылжиды. Жылжуы қиын. Бір жылда 500 зорға жылжып жатыр ма, жылжып жатқан жоқ па? 4 жылда 2000-ға жетпейтін кезек жылжыған».

Мемлекет тарапынан баспаналы болғысы келген көпбалалы аналар құжаттарын қайта тапсырады. Енді олардың әлеуметтік тобы жік-жікке бөлінбек. Яғни көпбалалылар өзінің ішінде толық емес отбасы, әлеуметтік әлсіз топ, оралмандар мен мүгедек баланы асыраушы санаттары жасақталады. Оның барлығы құжаттардың жаңартылуын талап етеді.

Марат Оразәлі, Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының басшысы: «Олар құжаттарын алып келіп, арнайы кезекке жасақтап теріп, жасап жатырмыз. Ертең осы кезек арқылы көпбалалы аналардың кезегі едәуір жылжитын болады. Бұл мәселеге арнайы қаржы бөлінуде. Көпбалалы аналарды теріп алу үлкен жұмысты талап етіп отыр. Тиісті азаматтардың барлық құжатттарын қарастырып, сонымен қатар оларды жасақтау бізден біраз уақытты талап етіп отыр».

Сонымен Шымкент қаласы бойынша 2019 жылы 2000 мұқтаж отбасы пәтер кілтіне ие болады деп күтілуде. Осылай деген жауаптылар жарты жылдықта 600-ге жуық баспана кілті табысталғанын сүйіншілеп отыр.

Назерке Үкібасова