Шымкентте бюджет ұлғаяды. Қосымша қаржы қайда жұмсалады? Қалада интернет неге жиі үзіледі? Депутаттар байланыс сапасын сынға алды. Ал 92 мыңнан астам адам үй кезегінде тұрғанда, баспана мәселесі қалай шешілмек? Осы және өзге де маңызды тақырыптар қалалық мәслихат сессиясында қаралды.
Ресми мәлімет бойынша, 2026-2028 жылғы қала бюджетін 50 миллиард теңгеге жуық сомаға көбейту жоспарланып отыр. Дәл осы мәселе сөз болған қалалық мәслихаттың 35-сессиясында 12 мәселе талқыға түсті. Сессияға әдеттегілей мәслихат депутаттары мен шенеуніктер қатысты. Депутаттар әуелі қала бюджетіне енгізіліп жатқан өзгерісті сөз етті. Сонымен бақандай 50 миллиард теңгеге көбейеді деген қазына қаржысы қайда жұмсалады?
ЕРЛАН ЕСҚАРАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ БЮДЖЕТТІК ЖОСПАРЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Мысалы, 4,4 миллиард теңге денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау шараларына қарастырылуда. Екінші, бюджет жобасына қосымша 57 жобаны іске асыруға 2,6 миллиард теңге қаралуда. Нәтижесінде, бюджет көлемі 9,9 миллиард теңгеге жетіп, жалпы 219 жоба іске асырылатын болады. Үшінші, жол жөндеу және салуға 17,5 миллиард теңге қаралуда».
Сессияда ерекше талқыға түскен мәселелердің бірі цифрландырудың жайы болды. Бұл сала жоспарға сай жүзеге асып жатқанымен, кемшін тұстары да жоқ емес екен.
МҰХИТ КЕМЕЛОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ЦИФРЛАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Байланыс сапасы бойынша да бүгінгі таңда мобильді байланыс болсын, кең жолақты интернет болсын бізде қазір жұмыстар жалғасын табуда. Өздеріңіз көріп отырғандай соңғы 3 жылдағы көрсеткіштер едәуір өскен. Мысалы 2023 жылы қала аумағында 1400-ден астам салалық станса болса, бүгінгі күні оның саны 1700-ден асты. Бұл сол кездегі осал болған 8 аймақты төмендетуге мүмкіндік берді».
Десе де қаладағы интернет жүйесінің жұмысы мәслихатшыларды алаңдататыны белгілі болды. Олар мобильді байланыстың сапасын сынға алды.
БАХАДЫР НАРЫМБЕТОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: «Мобилді байланыстың сапасына тікелей байланысты ғой. Интернет жоқ болса цифрландыруды пайдалана алмай қалады. Сондықтан инфрақұрылымды дамыту бойынша нақты жұмыстарды көрсетіңіз. Бізде осы ғимараттың өзінде соңғы айда нашар болып кетті ғой. Мобильді интернет. Сіздер мониторинг жасайсыздар ма? Біреу қарай ма, әлде солардың сөздеріне сене бересіздер ме?».
Мәслихат төрағасының сөзінше, осы аптаның өзінде екі рет интернет сапасы нашарлап, кейбір жерлерде байланыс болмай қалған. Мұны цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов растады. Сөзінше базадан ақау шыққан. Қазір ретке келтірілген. Сессияда сөз болған өзекті мәселелердің бірі тұрғы үй жайы. Қалалық тұрғын үй басқармасының дерегінше, дәл қазір Шымкентте 92 мыңнан аса адам үй кезегінде тұр. Жыл соңына дейін түрлі әдіспен 6 мыңнан аса адамды тұрғын үймен қамту жоспарланған.
КӨПЖАН ТҮЛЕБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ М.У.А.: «Оның ішінде жалдамалы – 1529, несиелік бағыт бойынша — 4568 пәтер. Жалдамалы пәтердің ішінде бүгінгі таңда 819 азамат пәтермен қамтылды. Қалған пәтерлердің жұмысы заң талабына сәйкес кезекпен, кезең-кезеңмен бөлінетін болады . Несиелік бағыт бойынша 4568 пәтердің бүгінгі таңда 354 азаматпен тұрғын үймен қамтылса, қалған 90 пәтер төлем қабілеттерін растау жұмыстары жүруде».
Мәслихатта мемлекеттен тегін пәтер алған мүгедектігі бар адамдардың мәселесі де айтылды. Олардың жоғарғы қабаттан пәтер алып, шығып-түсу қиындығы туралы шағымдарына жауап ізделді. Басқарма бұл мәселені қаперге алып, жеке қарап жатқанын мәлімдеді.
Дилара Иса






