«Айдалада ақ отау, газы, жолы жоқ отау…»

343

Тұрғын үй кешенінен пәтер алдық деп мәз болған тұрғындардың қуанышы ұзаққа созылмады. Үйдің сапасы бағасына сай келмейді деген тұрғындар тас дәуірінде өмір сүріп жатқандай сезінеміз деп ашынады. Газдың жоқтығының салдарынан бір әйел күйік шалып ауруханадан бірақ шықты.

«Жауаптылар қажетті жерге барады. Бірақ бізді ұмыт қалдырды. Тағы да газ жарылып, тағы да біреу зардап шегуі қажет пе?».

Бұл Шымқаладағы «Адия» тұрғын үй кешені тұрғындарының жанайқайы. Көбі мемлекеттік бағдарламамен біраз жылға несиеге пәтер алғандар. Әр шаршы метрі үшін 200.000 теңгеден асатын пәтерлер көгілдір отынсыз, жолсыз пайдалануға берілген. Соның азабын амалы жоқтан тұрып жатқандар тартып келеді.

Лап берген оттан жарақат алған 28 жастағы келіншекті тұрғындар ауруханаға көлікке салып жіберген. Өйткені, бұл үйді қажет кезде жедел-жәрдем де таппай, кешігіп келеді екен.

Тұрғын үй кешеніндегі 3 үйдің өзінде 365 пәтер бар. Оның бүгінде жартысына жуығында адам тұрады дейді тұрғындар. Ал, 80 — ге тарта тұрғын қауіпті екенін біле тұра газ баллонын пайдаланып, күн кешеді. Бір бөлмелі пәтерге бүгінде 54 мың теңге төлеп тұратын Камшат Шонаева үйдің проблемасынан шаршағанын айтып, жылап қалды.

Камшат Шонаева, қала тұрғыны: «Министрлер қайда қарап отыр? Бекерге жылап отырмыз. Газ баллон қауіпті ғой. Қауіпті болғанда бала-шаға үшін амал жоқтан пайдаланып отырмыз. Нан, шәй ішуіміз керек шығар енді. Күнде ауру үйдің дуалына қарап менің жүйкем тозып жатыр».

Газ балонынан шыққан оттан жарақат алған азаматша ауруханаға ауыр халде жеткізілген. Дереу жан сақтау бөліміне жатқызылыпты. Бүгін жағдайы жақсарып, палатаға шығарылған.

Ауруханада ем қабылдап жатқан азаматшаның кәмелетке толмаған екі баласы бар. Айдаладағы тұрғын үй кешеніндегі ахуалдан жергілікті әкім-қаралардан бөлек, басқа жауаптылар да хабардар. Көгілдір отынның мәселесін жақын уақытта шешіп береміз деген уәдесін де беріпті. Ал, жолдың проблемасы жыл соңына дейін шешімін табады деп сендірген.

Ернар Балабеков