Арыс: кеше және бүгін

200

Арыста болған жағдайды қорытындылап өтсек…

Арыс қаласындағы әскери қоймадағы жарылыс туралы алғашқы хабар 24 маусым күні 09:20-да түсті. Бұл апат бұрыңғыдан өзгерек еді. Себебі, 45 мың тұрғыны бар қала сол күні жарылыстың дүрсілін бірнеше рет естіген. Түсірілім кезінде көз алдымызда тағы да күл көкке ұшты.

Соңғы он жылда төрт тосын жағдайды басынан өткізген арыстықтар бұл жолы қауіптен қашып, босып кетті деуге болады. Ал, оқ оқ – дәрінің қасында тұрған қаланың басшылары кезекті төтенше жағдайға дайын еместігі көрінді. Абдырап қалған ағайын асып-сасып жүріп, бір-бірін жарадар етті. Жол апатына да ұшырап, зардап шекті. Тіпті көз алдындағы баласынанан да көз жазып қалды.

Жойқын жарылыстан тіпті жедел-жәрдем өкілдері де ес жия алмай қалды. Жол-жөнекей шашылған гильза, снарядтарды көргенде төбе шашымыз тік тұрды дейді.

Біреуге мал, біреуге жан қайғы. Алапат жарылыстан абдырып қалған арыстықтар қалаға қарай ағылғанда, кей пысықайлар дүкендер мен жанар-жағар май құю бекеттерін үптеп үлгерген. Оңтайлы сәтті пайдаланып сауда нүктелеріне ұрлыққа түскен 3 адам ұсталды.

Арыстағы жарылыс ел арасында дүрбелең туғызып қана қоймай, жерлестеріміздің зәре-құтын алды. Жарылыс химиялық, бактериологиялық қауіп төндіреді деген әлеуметтік желіде тарап кеткен қауесетке қатысты Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Ерғали Бахаев шұғыл мәлімдеме жасады .

Ерғали Бахаев, Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары: «Алаңдауға негіз жоқ, уайымдамаңыздар, Арыс қаласы аумағында химиялық нысандар жоқ. Және бактериологиялық, биологиялық қауіп қатер жоқ».
Бөген суқоймасы үнемі бақылауда болғандықтан, одан келер қауіп жоқ дейді төтеншеліктер.

Жылдан жылға гүлденіп, түрленіп келе жатқан жатқан Арыстың кейпі соғыс жылдарын елестетті. Қираған баспана, қаңыраған көше, тұрғынсыз қала. Жойқын жарылыстан Арыстағы үйлердің 90 пайызы зардап шеккен.

Қаладан жарылмай қалған 130 снаряд табылды. Қорғаныс министрлігі Арыстағы әскери қоймада бірнеше жарылыс болғанын мәлімдеді. Өзге қоймаларда 90 тоннаға жуық жарылғыш зат жарылмай қалыпты. Темір қаңқасы ұшып барып, қадалғаны болмаса, жарылмаған. Мынау соның көрінісі. Ұзын темір үй төбесін тесіп өтіп, ішкі қабырғаға қадалған.

Ерлан Тұрғымбаев, Ішкі істер министрі: «Жарылыс болған күні арнайы штаб құрылды. Өздеріңіз білесіздер, осы уақыттың барлығында Қорғаныс министрлігімен қоян-қолтық жұмыс істедік. Ал үйлерден, аулалардан, көшеден табылған жарылғыш заттардың барлығы қаралып шығып, саперларға берілді».

Үрей құшағында қалған арыстықтардың ақуалымен танысу үшін оқиға орнына ел президенті Қасымжомарт Тоқаев сол күні-ақ түнделетіп жетті.

Арыстықтардың ақуалы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев пен Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Нәдіржан Камаловты да бей-жай қалдырмапты. Күні кеше күнгейге ат басын бұрған үкімет мүшелері жарылыстан жапа шеккен арыстықтардың жағдайымен танысу үшін қабылдау бекеттерінде болды.

Бір емес бірнеше рет жарылыстан зардап шеккен тұрғындар Арысқа қайтқысы жоқ. Қорқынышы сейілмеген халық билік өкілдеріне Шымкентте тұрақтап қалғысы келетінін жеткізді.

Оларға Шымкентте қалуға да ешқандай мүмкіндік жоқ. Министр арыстықтардың миллионды мегаполисте баспанамен қамтылмайтынын кесіп айтты. Себебі, баспанасыз 36 мың шымкенттік пәтер кезегінде тұр.

Ақмешітке жиналған арыстықтардың наразылығына себеп болған талап осы еді. Шымкенттен жер телімін немесе үй салып беру. Халықтың жан айқайын тәртіп сақшыларынсыз тыңдауға келген Ғабидолла Әбдірахымов нәубәт көрген жұртшылықтың пікіріне құлақ асып, мәселенің жақын арада шешілетінін жеткізуге тырысты.

Алайда, қала әкімі қойылған талаптар құзырына кірмейтінін айтып, үкімет тарапынан шешімі табылатынын жеткізді. Сонымен қатар, Арыстан қашып келген халықты тамақпен, сумен, және жатар орынмен қамтамасыз ету басты мақсаты екенін жеткізді. Бұл жұмыспен барынша айналысып жатқанын айтты.

Арыстықтардың бұлай талап қоюына да негіз жоқ демессіз. Соңғы он жылдағы 4-ші жарылыс. Теміржолшылар қаласында мұндай төтенше жағдайдан бірнеше адам көз жұмған. Алайда, одан тиісті сабақ алынбағаны анық көрінді.

2015 жылдың 8 қарашасында қала маңындағы полигонда мерзімі аяқталған қару жарақты бір топ адам залалсыздандырып жатқан кезде, оқ-дәрі жарылып кетеді. Салдарынан бір жұмысшы қайтыс болып, тағы бірі жарақат алған. Жарылыстың күшті болғаны соншалық, жақын тұрған Камаз жүк көлігінің күлі көкке ұшқан. Абырой болғанда, полигонда болған 16 адам аман қалған.
2014 жылы Арыс қаласының іргесіндегі «ҚазАрсенал» оқ-дәріні залалсыздандыру кәсіпорнында тағы да жарылыс болды. Салдарынан екі адам қаза тауып, біреуі ауыр дене жарақатын алған.

Жойқын жарылыс осыдан 10 жыл бұрын да орын алған. Дәл осы «ҚазАрсенал» мекемесіне қарасты оқ-дәрілерді жою қоймасында күшті жарылыс болған еді. Ол кезде үш адам апат орнында мерт болып, тағы біреуі кейіннен ауруханада көз жұмды. Жараланғандар саны 17 болатын. Оқиға себебін тексерген мамандар кәсіпорында қауіпсіздік шаралары сақталмаған деген тоқтамға келген болатын.

Тарихқа тереңірек үңілсек, Арыста 1943 жылы да жарылыс болған. Мұнда артиллериялық қойма жарылған. Ол кезде 4 адам қаза болып, 46-сы жарақат алған. 414 вагондардағы оқ-дәрі жойылып кеткен. Ол кездегі жарылысқа да әскери оқ-дәріні сақтау ережесінің бұзылуы себеп болған.

Қалай дегенмен, соңғы апат әскерилерге де, тәртіп сақшылары мен жергілікті билік өкілдеріне, қарапайым халыққа сын да, сынақ та болды. Көп нәрсені үйретті де. Ел басына күн туғанда бір-біріне құшақ жайып, елдік мен кеңдіктің де үлгісін көрсетті. Қалалықтар жарылыстан зардап шегіп, үрейлене, үдере көшіп, Шымкентті бетке алған арыстықтармен барын бөлісті. Жоғын түгендеді. Ас-суын аузына тосын, иіліп төсек, жайылып жастық болды. Көптен көмектеп жан-жақтан шұғыл түрде 60-қа жуық эвакуациялық бекет ұйымдастырылды. Бір сөзбен айтқанда, күнгейліктер кісілік пен кішілік көрсете білді.

Мақпал Рысбаева