Бүгін Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз атындағы университеттің үздік түлектеріне диплом тапсырды. Салтанатты шара кезінде Нұрсұлтан Назарбаев жастарды алдағы сайлауда дауыс беруге үндеді, деп хабарлады Sputnik Қазақстан.
Тұңғыш президент биылғы диплом тапсыру рәсімінің елдегі саяси өзгерістермен тұспа-тұс келгеніне тоқталды. Сондай-ақ, ол өзгерістердің не үшін жасалып жатқанын түсіндірді.
«Мықты деген кез келген жүйені жаңартып отыру қажет. Оны қайта жүктеу керек. Бәріңіз жақсы білесіздер, белгілі бір жүйе тұрақты болсын десеңіздер, оны үнемі сілкіп отырған жөн. Мен де осыны істеп келемін», — деді Назарбаев.
Осыдан кейін тұңғыш президент президенттік сайлауға түспеуінің себебін айтты.
«Осы жолы алғаш рет кандидаттардың арасында мен жоқпын. Бірақ маған көп хаттар түсіп жатыр. «Сайлауға неге түспейсіз?» деп сұрайды. Себебі мен – осы мемлекеттің негізін қалаушымын. Мен оны барлық қиыншылықтан өткізіп, барлығына танымал еттім. Енді, осының жалғасын қамтамасыз етуім керек», — деп атап көрсетті Назарбаев.
Өз сөзінде Елбасы бір аптадан кейін президенттік сайлаудың өтетінін де еске салып, жастарды белсенді түрде дауыс беруге шақырды.
«Мен барлық ұстазды, түлектер мен студенттерді өз азаматтық ұстанымдарын білдіріп, сайлауға белсенді қатысуға шақырамын. Лайықты кандидатқа дауыс беріңіздер. Менің кімді меңзеп отырғанымды түсінген шығарсыздар (күлді). Қазір оны ашық айтсам, басқалар мені бір адамның мүддесін қорғайды деп айтады. Барлығына табыс тілеймін. Әрбіреуі өз платформасын шығарсын. Ол арқылы халықпен кері байланыс жасаймыз. Бәрін жинап, одан да жақсы жұмыс істейтін боламыз. Солай ғой? Сіздер ақылдысыздар, бәрін түсінесіздер», — деді Назарбаев.