Шымкентте 462 оқушы тест тапсырды

180

Шымкентте Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Еліміздегі бас емтиханды тапсыруға қаламыздағы 5 базалық ЖОО таңдалған. Ал ҰБТ- ның алғашқы күні Шымкент университетінде өтті. Тестілеуге мемлекеттік білім беру гранттарына үміткер 462 талапкер қатысты.

ҰБТ-ның алғашқы күнінде 22 мектептен 462 талапкер бас емтиханды тапсырды. Таңертеңнен Шымкент университетінің алды бітіруші түлектер мен бәйек болған ата-анамен толды. Аудиторияға кірер алдын оқушылар әдеттегідей қатаң тексеруден өтті.

Сынақ өтетін барлық аудиториялар мобильді байланысты бұғаттайтын құрылғылар мен бақылау камераларымен жабдықталған. Сыртта қобалжыған ата-ана үшін перзенттерінің болашағы айқындалатын сын сағатта балаларын бақылап тұратын ЛЕД экран орнатылған

Сонымен араға 3 сағат салып алғашқылар тестілеуден шыға бастады. Сұрақ ауысты дегенімен, ойдағыдай ұпай жинайтынына сенімді.

Мақсат Арапбаев, бітіруші түлек: «Өзіме керекті балды жинадым деген ойдамын. Мен күтпеген сұрақтар көп болды. Мен дайындалған сұрақтар болған жоқ».

Талапкерлердің сұрақтар жаңарды деуіне негіз бар. Өйткені, Білім және ғылым министрі 30 пайыз сұрақ өзгергенін мәлімдеген болатын.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі: «Өздеріңіз білесіздер, сұрақтар жылда ауысады. Негізгі базалық сұрақтар сақталады да, тек оның қойылу формасы өзгереді. Сонымен қатар, биыл логикалық сұрақтарға басымдық беріліп отыр».

Тестің нәтижесі Ұлттық бірыңғай тестілеудің ресми сайтында жарияланады. Ал аппеляция өтініштері келесі күнгі сағат 13:00-ге дейін қабылданып, бір күн ішінде қарастырылады.

Айя Мүтәлі