12 мамыр мен 10 шілде аралығында еліміз бойынша негізгі ұлттық бірыңғай тестілеу өтіп жатыр. Биыл Шымкент қаласынан 10 мың 287 талапкер ҰБТ тапсыруға өтініш берген. Қазіргі таңда, тестілеу өткізу үшін төрт аймақтық орталық жұмыс істеп тұр. Ал, ҰБТ-ны ұйымдастыру жұмыстары белгіленген талаптарға сәйкес жүргізілуде. Мамандардың айтуынша, тестілеудің ашық, әділ әрі қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті жағдай жасалған.
Шымкенттегі №1 Дарын мектебінің түлегі Нұртас Ғалымжанұлы да бүгін ҰБТ тапсырып шықты. Жас талапкер алғашқы нәтижесінде 92 балл жинаған. Дегенмен бұл көрсеткішке түлектің көңілі толып тұрған жоқ. Арманы асқақ азамат, болашақта өзі қалаған мамандық иесі атанып, ел дамуына үлес қосуды мақсат етеді. Айтуынша, қазір барлық уақытын дайындыққа арнап жүр.
НҰРТАС ҒАЛЫМЖАНҰЛЫ, ОҚУШЫ: «Физика математика пәнін таңдап отырмын. 92 балл жинап отырмын. Тағы үшінші тест тапсырамын. Тест алдыңғыдан қиындау болды. Бірақ, алда тағы дайындалу керек».
МАХАББАТ ҚОНЫСБЕК, ОҚУШЫ: «Мен қаңтар, наурыздағы ҰБТ тапсырдым. Осы жолы өзімнен үлкен нәтиже күттім. Алдын 126 жинаған соң, 130-135 алам деп ойладым».
Тестілеу барысында талапкерлерге ыңғайлы жағдай жасауға басымдық берілген. Арнайы тестілеу орталықтары заманауи компьютерлермен жабдықталып, техникалық қауіпсіздік күшейтілген дейді жауаптылар.
НҰРПЕЙІС ИСАБАЙ, ҰЛТТЫҚ ТЕСТІЛЕУ ОРТАЛЫҒЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Тест өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Барлық жағдай жасалған. Оқушыларға. Қауіпсіздік шаралары барлығы қарастырылған. Тыйым салынған заттарды қалдырып кетті. Бейнебақылау камераларымен қамтылған. Әрбір негізгі тестілеу кезіндегі қағидасы, екі камера, бір компьютермен жабдықталған. Барлығы ситуациялық орталықпен бақыланып отырады».
Айта кетейік, тестілеу электронды форматта ұйымдастырылуда. Талапкерлерге грант конкурсына қатысу және ақылы бөлімге түсу үшін ҰБТ-ны екі рет тегін тапсыру мүмкіндігі берілген. Естеріңізге сала кетейік, биыл қала бойынша 16 мыңнан астам оқушы мектеп бітіреді. Оның ішінде 10 мыңнан астам жасөспірім ұлттық біріңғай тестілеуден өтуге өтініш берген.
Нұргүл Жолымбетова






