Шымкентте жедел жәрдем бригадаларының 3-ші қалалық жарысы өтті. Оған ақ халаттылардан құралған 14 команда қатысты. Шарадан емхана дәрігерлері де шет қалмай апат жағдайындағы амал-әрекеттерін көрсетіп, сынға түсті.
Шақыртуға шыққан жедел жәрдем қызметкерлері жол апатынан зардап шеккен 20 адамға медициналық көмек көрсетуі тиіс. Жараланған науқастардың жағдайы ауыр. Сайыс сценарийі бойынша 103-қызметіндегі мамандар медициналық көмекті шұғыл әрі сапалы көрсетуі тиіс.
Бұл алтыншы бекет бригадасы. Мамандар жағдайы ауыр жүкті әйелге үй жағдайында шұғыл медициналық көмек көрсетуі тиіс. Босануға ай күні жақындаған азаматшаның жағдайы бірден нашарлап, жүрек талмасына ұшыраған. Дәрігерлер жедел көмек көрсетіп, ана мен бала өміріне араша түсуі тиіс.
Өздеріне берілген тапсырмаларды команда мүшелері ойдағыдай орындап шықты. Бұл ретте уақыт та маңызды. Айта кетейік, жылда ұйымдастырылатын бұл конкурстың биылғы ерекшелігі емхана құрамында ашылған жедел жәрдем бөлімі мамандарының сайысқа қатысуында.
Жарысқа қатысқан 14 бригаданың біліктілігін сарапқа салған қазылар үш команданы жеңімпаз деп таныды. Ақ халаттылар бұл сайыста білген-түйгендерін арттыра түсті.
Лаура Нақыпқызы