Көркемсурет мектебінің оқушыларын жылы орыннан кетуге мәжбүрлеп отыр. Күн жылысымен балалар ұстаздарымен бірге кескіндеме салу үшін табиғат аясына шыққаны сол еді, өзін саябақ басшысымын деп таныстырған азамат дөрекілікке салынып, ұл қыздардың газоннан кетуін талап етіпті. Дауға ұласа жаздаған жағдай қалай аяқталды?
Балалардың табиғат аясына шығуы айқай-шуға ұласып кетті. Жас суретшілер бар болғаны саябақтағы көпжылдық ағаштарды бейнелегісі келіп еді. Алайда, ойлары іске аспады.
Сағида Мырзағалиева: «Біз плэнерге келдік, шөптің үстіне отырған едік, тұрыңдар деді. Біз тұрдық. Шөп жоқ жерге отырып суретімізді жалғастырмақ едік. Бірақ ер кісі келіп бізге айқайлап, біздің заттарымызды лақтырып жіберді».
Саябақ әкімшісі балаларға көгал мен сәулеттік нысандарды пайдалануға рұқсат бермеген. Жеткіншектер газонды басады деп қауіптенеді екен. Жас суретшілердің ата-аналары саябақ басшысы дөрекілік танытқаны былай тұрсын, тіпті ол өнерпаз балаларға күш қолданған дегенді айтады.
Тәліпбек Әлжанов, Шымкент қалалық демалыс және мәдени орталық саябағының әкімшісі: «Мен кезекті рет айтамын көкалаңмен жүруге болмайды. Серуен құруға болады, саябаққа демалуға келеді. Тек гаознды құртпаңдар. Осы жер жасыл болсын деп көп қаражат жұмсалды».
Балалар орындыққа сыймай қалды ма, әлде сурет салғанда ракурсы ұнамады ма, әйтеуір балалар бордюрге отырып еді саябақтың басшысы айқайлай бастады. Балаларға жақтасқан ұстазға да дөрекілік мінез танытқан.
Жас мезгілі келісімен, орталық саябақ балалар мен жасөспірімдерге лық толады. Олар табиғат аясында тынығып, сурет салуға әуес. Алайда, саябаққа келушілер баршаға ортақ тазалық талаптарын сақтап, әдептен озбаса ешқандай дауға жол берілмесі айтпаса да түсінікті. Қалай дегенмен, қос тарап та өз уәждерін алға тартып ақталуда.
Шынар Оразова