Ж. Шанин театры 85-маусымын қорытындылады

446

Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры 85-маусымын қорытындылады. Кезекті маусымды театры ұжымы әлемдік драматургияның ұшар шыңы Шекспирдің «Гамлет» трагедиясымен жапты. Ғасырлар бойына әлем театрларының репертуарынан түспей келе жатқан туындыны шаниндік әртістер қандай деңгейде орындап шықты?

Уақыт жылжып өткен сайын Шекспирдің туындылары өзектілігін жоғалтпақ емес. Ұлы драматург шығармалары заманауи мәселені сан қырынан көрсететін іспетті. Спектакльді тамашалауға келушілер қойылымды бүгінгі қоғамның айнасы ретінде қабылдағандарын айтады.

Арайлым Сағымбек, көрермен: «Режиссер шетелдің шығармасы арқылы еліміздегі болып жатқан кейбір жағдайларды түсіндіргісі келетіндей. Бәлкім саясаттағы жағдайды болар. Және сайқымазақ қатты ұнады. Ол Гамлеттің әкесінің тозақтағы әлемімен осы өмірді байланыстырып жүрген сияқты. Сайқымазақ қана бұл жерде халықпен байланыс жасап жүр».

«Театр дайын шығарманы қойып беру емес, керісінше көрермен көкейіне ой салу», – дейді театрдың көркемдік жетекшісі Тимур Ахметов. Оның айтуынша, сахналық декорация да санаға салмақ түсіреді. Қараңғылық басым сахналық безендіру сол заманғы тіршілікті айғақтап тұрғандай. Ал, басты кейіпкерлер ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманғожаевтың шешімімен тағайындалған.

Тимур Ахметов, Ж. Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі: «Гамлетті сахналағанда ең алдымен режиссердің шеберлік мектептері жүргізілді. Бұл кісі педагог – режиссер. Сол тұрғыдан алғанда актерлық труппаны үйрете отырып Гамлетті шығарып берді. Бұл жерде біздің театрымыздың бас суретшісі Қалтөре Жұмақұловтың жұмысы көрінді. Бұл Гамлетте үлкен декорациялық шешім бірінші планға шықты».

Адалдық пен әділетсіздік қойылымның қозғаушы күші сынды. Билікке ұмтылу барысындағы зұлымдық, адам бойындағы пендешілік көрерменді бей-жай қалдырмады. Спектакль әр заманда ақ пен қараның қақтығысы жалғаса беретінін жеткіздендей. Айта кетейік, 85-маусымда театр ұжымы көреременге ой салатын 5 бірдей премьераны ел назарына ұсынды.

Жанерке Хумар