«Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының Шымкент қалалық филиалы «Қазақстанның үздік тауары» аймақтық конкурсына дайындалуда. Бұл шара 12 шілдеде «Көрме» залында өтеді. Жыл сайын ұйымдастырылатын конкурсқа облыстың түкпір-түкпірінен тауар өндірушілер қатысады. Кәсіпкерлер үшін диалог алаңына айналып отырған аймақтық көрмеде бизнес өкілдері өзара ұзақ мерзімге келісімшарттар жасасады.
«Көрме» орталығында жүзге жуық тауар өндіруші өз өнімдерін ұсынады. Шараға тамақ және жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика, машина құрылысы, ауыл шаруашылығы саласының өкілдері атсалысты. Басты мақсат — отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету. Экономика сарапшылары отандық тауарларға өз бағаларын беретін болады.
Нұрлан Қабиштаев, «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының Шымкент қалалық филиалының директоры: «Конкурс үш номинация бойынша яғни, «Тұрғындарға арналған үздік тауар», «Өндіріске арналған үздік тауар» және «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша өтеді. Біз бұл көрмені жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп келеміз. Қала әкімінің өзі қатысады».
Сарапшылар тауарларды бағаланғанда ең алдымен оның бүгінгі нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін сарапқа салады. Шараға алғаш қатысып отырған ондаған компанияның арасында газ генераторлары мен күннен қуат өндіретін панельдерді, трансформаторлар мен тағам өнімдерін қайта өңдеуде қолданылатын тауарларды шығаратын кәсіпорындар да бар. Бұл конкурста ұйымдастырушылар мен көрмені тамашалаушылар да назардан тыс қалмайды.