Түркістанда өткен «Қазақстанның үздік тауары» байқауы өз мәресіне жетті

45

Түркістанда «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауының жеңімпаздары анықталды. «Керуен сарай» туристік кешенінде өткен шараға облыстың 80-ге жуық кәсіпкері қатысты. Яғни, көрмеде отандық өндіріс тауарларының үздік үлгілері ұсынылды.

Бұл еліміздің рухани астанасында өткен «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауы. Көрмеде тамақ және жеңіл өнеркәсіп, қайта өңдеу және құрылыс саласы, сонымен қатар өнеркәсіптік жабдықтар ұсынылды. Бұл кәсіпкерлерге қолдау көрсету конкурсы деген Өмірзақ Шөкеев өңір тауарөндірушілерінің жұмысын жоғары бағалады. Әрі түркістандықтарды отандық өнімді қолдануға шақырды.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «Кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін Үкімет тарапынан бірқатар бағдарламалар қабылданды. Осындай іс-шаралардың бірі – «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-конкурсы. Бүгінгі көрме-конкурсының өткізілуі инвестициялық жобаларды және технологияларды енгізу арқылы қазақстандық жаңа брендтерді арттырады. Өнеркәсіп тауарларын сатып ала отырып, отандық тауар өндірушісін қолдап, жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береміз. Қазіргі таңда облыста шығарылатын көптеген өнім түрлері бойынша республиканың ішкі нарығын толықтыруға мүмкіндігіміз мол. Өңірлік кезеңнің лауреаттары біздің облысты республикалық көрме-байқауда көрсетеді»

Айта кетейік, өңірлік сайыс жеңімпаздары Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өтетін республикалық байқауға қатысады. «Қазақстанның үздік тауары» көрмесі биыл күзде өтеді деп жоспарланып отыр.

Мөлдір Ибадуллаева