Күннен қорғанбаса, күн санап қартаяды

353

Шіліңгір шілденің күн сәулесінен қалай сақтанамыз? Теріні ыстық ауадан қалай қорғаймыз? Дәл қазір бәрімізді болмаса да, біразымызды ойлантқан осы сауалдарға косметолог Раушан Сәрсенқызы жауап берді.

Раушан Сәрсенқызы жергілікті косметолог болғандықтан Шымқаланың ыстық күндерінен қалай қорғанудың амал-тәсілін жақсы біледі. Айтуынша, күн жылына бастағаннан бетіне қара дақ, әжім түсірген арулар қызмет алуға көп келеді екен. Күн сәулесінен қорғанудың тәсілдері қарапайым. Кез келген ару күнделікті бет күтіміне 15-20 минут уақытын бөлсе, терісі балғын әрі дақ түспеген қалпында қалады.

– Қазір адамдар әлеуметтік желілерден іздегенін тауып алады. Алайда бір нәрсені ескермейді. «Ыстық күнде бетіме күтім жасаудың жөні осы екен» деп әлеуметтік желіден көргеннің бәрін істей беруге де болмайды. Бетті қорғауыңыз үшін ең алдымен терінің типін анықтау қажет. Тері құрғақ, майлы, аралас, сезімтал, барлығы 3-4 түрге бөлінеді. Соған байланысты косметиканы да тері типіне сәйкес аламыз. Косметиканы анықтап алғаннан кейін жаздың ыстық күндері макияжды азайтқан дұрыс. Қыста тоналді кремді көп қолданамыз. Бұл қыздарымыздың жанынан тастамайтын құралына айналған. Осы тұста жаздың күні тоналді кремнен көрі опаны қолданған пайдалы екенін айтайын. Өйткені тоналді крем бетті ылғалдандырады. Мұндай косметикаларды қыста қолданған дұрыс. Ал, жазда онсыз да көп терлейміз. Сондықтан опаны және SPF-фильтрлі құралдарын қолданамыз. Тағы айтарым, макияж жасардың алдын бетіңізге арнайы кремді жағуды ұмытпаңыз. Мұндай кремдерді «база» деп айтады. Макияж тері клеткаларымызды толтырмауы керек. Базаны жағатын болсаңыз, бетіңіздегі макияж жақсы қорғалады,-дейді косметолог Раушан Сәрсенқызы.

Косметологтан бет күтіміне ненің жақсы әсер ететінін де сұрдық.

– Жазда көп мөлшерде су ішу керек. Күніне 2,-2,5 литр су ішкен дұрыс. Күн ыстықта көп терлейміз. Жасушаларымызға су әдеттегіден көбірек қажет. Егер клеткаларымыз қажетті жағдайда ылғалданса, мұның пайдасы көп. Ең алдымен адамды тез қартаюдан сақтайды. Бұл – теріңізге үлкен күтім жасайтыныңызды білдіреді. Өңіріміздің аруларына көбірек су ішіп жүруге кеңес беремін. Судың бет тазаруына қосар үлесі зор,-дейді ол.

Жаздың ыстығында күн сәулесінің теріге қандай зияны бар? Раушан Сәрсенқызынан мұның да жауабын білдік.

– Күн сәулесінен қорғану – біздің өңір тұрғындарының басты мәселелерінің бірі. Өңірімізде басқа өңірлермен салыстырғанда ауа температурасы әлдеқайда ыстық. Кейде 45 градусқа дейін жетеді. (Бұдан да жоғары температураны көрсетіп жатады). Мұндайда күннің ультракүлгін сәулелерінен қорғану қажет. Жазда ыстық сәулелер де қосылады. Ыстық сәуле терінің екінші қабатындағы клеткаларды өзгерте бастайды. Мұның соңы теріңіздің тез қартаюына әкеп соғады. Бет терісіне қара дақтар түседі. Мұның алдын-алу үшін, күннен қорғайтын арнайы кремдерді қолданамыз. Осы тұста айта кетейін, күннен қорғайтын кремдерді де бас-аяғына қарамай қолдануға болмайды. Жас айырмашылығына байланысты таңдаған дұрыс. Дәл қазіргі күндері SPF-50 кремін қолданған пайдалы. Күннен қорғайтын кремдер күннің сәулесінен қорғауға арналғаны себепті де пайдасын тигізеді. Мұны айту себебім, көп адам мұндай кремге сене бермейді. Мұндай кремдер арнайы тексерістен өткен. Дегенмен «осы кремді жақтым екен» деп күн астында көп жатуға да болмайды. Сондайда әрине қараясыз. Бір жақсысы теріңіз бір қалыпта қарайады. Кремді бір жаққаннан кейін екі сағат өткен соң міндетті түрде оны жуып тастаңыз. Егер жумасаңыз, кері әсерін бере бастайды. Әр екі сағатта жуып, содан кейін қайта жаңалап қолданған дұрыс,-дейді косметолог.

Айта кетер бір жайт, ер азаматтардың дені күн сәулесінен қорғанбайды. Раушан Сәрсенқызы мұның дұрыс емесін айтады. Күннің ыстық сәулесі ер азаматтардың бет терісіне де кері әсерін тигізеді екен.

– Қазақтың ер азаматтары өзіне күтім жасамайды. Мұны бәріміз білеміз. Өзіне қарайтындары аз. Ер азаматтар әйелдерге қарағанда күнді қатты қабылдамайды, өйткені олардың майлы бездері жақсы дамыған. Әйелдерге қарағанда көбірек қозғалыста болады және күннің сәулесіне шыдамды келеді. Сонымен қатар, ер адамдардың тері қабаты қалың. Әйтсе де ер азаматтар әйелдерге қарағанда сыртта көбірек жүреді. Әрбір екі сағат сайын күннен қорғайтын кремді қолдануына кеңес беремін. Сол кезде бұл кісілердің терісі күнге қарсы қорғанышта болар еді. Аруларымыз сияқты күнделікті маска қойып, косметолог кеңесіне жиі жүгінбесе де крем қолданып тұрса, соның өзі көп көмек. Ең бастысы өзіңізді, теріңізді ерте қартаюдан сақтайсыз,-дейді Раушан Сәрсенқызы.

«Оңтүстік Рабат», №29, 17 шілде 2019 ж

Жанерке ХУМАР