Түркістан музейіндегі жылқы-жәдігер

471

Өңіріміз материалдық мəдениеттің, көптеген дүниенің пайда болған орны, бас-тау бұлағы десек, асыра айтқандық емес. Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері қазіргі қоғам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған көптеген бұйымдар бізде пайда болғанын айтады. Оған музейдегі бірқатар жәдігерлер айғақ.
Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейіне келуші көпшілік қауымға арналып жасақталған музей экспозициясында Ұлы даланың жеті кырына байланысты көне жәдігерлер баршылық.

«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған атқа міну мәдениеті
мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі. Түркістан облыстық тарихи-өлкетау музейіне барған адамның назарын бірден алатын көне жәдігердің бірі ер тұрман. Бұл жайлы бізге Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Гүлназия Шекербекова айтып берді.

– Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дəуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дəлелдеді. Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дəуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымды алсақ, шаруашылық пен əскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мəдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дəуірдің символына айналды. Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар атты əскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер əлемі «мəдени кодының» айрықша элементі. Автокөлік қозғалтқыштарының қуаты əлі күнге дейін аттың күшімен өлшенеді. Бұл дəстүр – жер жүзінде салт аттылар үстемдік құрған ұлы дəуірге деген құрметтің белгісі. Біз əлемнің барлық түкпіріне ежелгі қазақ жерінен тараған осынау ұлы технологиялық революцияның жемісін адамзат баласы ХІХ ғасырға дейін пайдаланып келгенін ұмытпауға тиіспіз. Қазіргі киім үлгісінің базалық компоненттері Дала өркениетінің ерте кезеңінен тамыр тартады. Атқа міну мəдениеті салт атты жауынгердің ықшам киім үлгісін дүниеге əкелді. Осы айтқанымыз бойынша жасалған ертұрман біздің музейімізде сақталған. Ол біз үшін мақтаныш. Ат үстінде жүрген көшпенділер тақымына басқан сəйгүлігіне неғұрлым еркін мініп жүруі үшін биік ер-тұрман мен үзеңгіні ойлап тапты. Бұл жаңалық салт атты адамның ат үстінде қаққан қазықтай мығым отыруына, сонымен бірге шауып бара жатып, қолындағы қаруын еш қиындықсыз жəне неғұрлым тиімді қолдануына мүмкіндік берді. Ер-тұрман – салт мінетін ат тұрманының жалпы атауы. Оған ер, тоқым, жүген, ноқта, айыл, өмілдірік, құйысқан, қамшы, тұсамыс, шідер жатады. Ер – әбзелдің негізгі ағаш тұғыры (бөлігі). Ол екі қастан (алдыңғы және артқы), екі қапталдан, белағаштан тұрады. Қазақы ер, құранды ер, шошақ бас ер, үйрек бас (құсбас) ер, қазық бас ер, қозықұйрық ер сияқты түрлері болады. Рулық белгісіне қарай алтай ер, найман ер, үйсін ер, керей ер, адай ер, қызай ер деп те бөлінеді. Сапасына қарай алтын ер, күміс ер, сондай-ақ еркек және әйел ері де болады. Ағаштан жасалып, тұтас ойылған ерді ойма ер деп атайды. Ағаш өңдеуді кәсіп еткен шеберлерді халық олардың жасайтын бұйымдарына қарай «арбашы», «ерші», «ұста» деп атаған. Ердің ағаштан жасалған негізгі бөлігін сүйегі деп атайды. Ер сүйегі тұтас шабылған,оған терек,қайың ағаштары қолданған.

Осы тұста Гүлназия Шекербекова ат үстінде жүргенде ыңғайлы болуы үшін бабаларымыз алғаш рет киімді үстіңгі жəне астыңғы деп екіге бөлгенін, осылайша кəдімгі шалбардың алғашқы нұсқасы пайда болғанына айтады. Оны айғақтайтын шалбар да облыстық тарихи-өлкетану музейінің жәдігерлер қатарында бар.

– Бұл салт атты адамдардың ат құлағында ойнауына, ұрыс кезінде еркін қимылдауына мүмкіндік берді. Дала тұрғындары теріден, киізден, кендір мен жүннен, кенептен шалбар тікті. Содан бері мыңдаған жыл өтсе де, киімнің осы түрі өзгере қоймады. Қазба жұмыстары кезінде табылған көне шалбарлардың қазіргі шалбардан еш айырмасы жоқ. Шалбар (аяққап) – қой терісінен не матадан тігілген, балағы аяқ басына жететін, бұтқа киетін киім. Тігілу үлгілері мен материалдарына байланысты түрі көп. Мысыла: түймелі шалбар, тері шалбар, жарғақ шалбар, елтірі шалбар, қырықпа шалбар, қап шалбар, сырма шалбар, сал шалбар Жарғақ шалбар Балағының екі жанына баспа кесте әдісімен түрлі-түсті жібек жіптен гүл кесте, шырмауық, төртбұрыштар мен үшбұрыштар тізбегінен тұратын геометриялық нақыштағы өрнектер кестеленген. Балағының төменгі жағына жырық түсірілген, ышқырлығы жарғақтың өзін қайыру арқылы тігілген. 80см х 37см х 54см. Бозбала бешпенті үлкендердің киімін(шапан) қайта пішіп тігу арқылы тігілген, сондықтан да тік жағалы бешпенттің өңіріндегі өсімдік ырғақтарынан тұратын кестелер, негізінен жарғақ шапандардың арқасына түсетін «табақ» өрнегінің фрагменттері болып табылады. Осындай біз кес-те өрнектер екі жеңнің жиегіне де түсірілген. Кестелі жарғақ шалбар мен бешпент ХІХ ғ. Аяғы. Жарғақ, кесте. 90см х 60см.
Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің төрінен орын алып тұрған жәдігердің бірі зергерлік ұсталардың қолынан шыққан туындылардың бірі XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында қолданыста болған күмістен жасалған әшекей бұйымдар.

– Атап айтсақ, шекеліктер, сырғалар, өңіржиек, қапсырма, бойтұмар, тұмарша, таналар, гигиеналық жиынтық секілді бір қатар әшекейлер қойылған. Осылайша ата – бабаларымыз жаңа, неғұрлым берік металдар өндіру ісін дамытып, олардың жедел технологиялық ілгерлеуіне жол ашты. Бойтұмар мойынға тағылатын қастерлі зат. Бойтұмар ретінде түрлі бұйымдар (ұлутас, тас, сүйек, т.б.) немесе арнайы жасалған ішінара қымбат зергерлік заттар да қолданылады. Бойтұмар, ХІХ ғасырдың жәдігері. Екі басы күмбезделіп, бетіне өрнектер мен тыныке түсірілген көлденең іші қуыс түтік – бойтұмар шынжыр арқылы мойынға тағылатын әшекей бұйым. Бойтұмар түтігінің төменгі жағына үзбелеп бекітілген екі қатар салпыншақтары бар екі тұмар бекітіліп, олар өзара ортадағы қоңырау пішіндес салпын-шақпен сақиналар арқылы біріктірілген. Құрамы – 925˚, 916˚, 875˚ сапалы күміс, салмағы – 110,32 гр. 14 см х 15 см. Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде тазартылып, салпыншақтары мен шынжыры қалпына келтірілді, – дейді Гүлназия Шекербекова.

Музей төрінен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған музыкалық аспаптарды да кездестіресіз. Мұнда ХХ ғасырға тән қобыз да бар. Бұл Ағаш, металл, қарын, аттың қылы арқылы жасалғанын айтады музейдің ғылыми қызметкері Гүлназия ханым.

– Ішегі мен қияғы (ысқысы) аттың қылынан тартылған қылқобыз, ағаштан тұтас шабылып жасалған, ал жарғағы мал терісінен керілген. Қобыздың басына жапырақ және бір-біріне тұмсықтарын түйістіріп отырған қос кептер бейнесіне ұқсас салпыншақтар, ал іш қуысының төбесіне жез қоңырау ілінген. Қобыз қияғы ағаш бұтағынан жасалған. Көлемі 62 х 15,5 см. Музейімізде қобызбен қоса сүйектелген домбыра да бар. ХХ ғ.басы Сүйектелген домбыра ағаш, сүйек, қола шеге, кендір жіп арқылы жасалған. Домбыраның шанағы мен мойынқақпағының бетіне батырма әдісінде түсірілген геометриялық нақыштағы өрнектермен безендірілген сүйек тақталар орнатылған.

Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат», №26, 26 маусым 2019 ж