Қамқор кәсіподақ өкілдері қайырымдылықтан кенде емес

559

Конституция күні қарсаңында «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің өкілдері бүгін Конституция күні қарсаңында қайырымдылық шараға атсалысты.

Белсенділер жыл сайынғы «Мектепке жол» дәстүрлі шарасын қолға алып болашақ өрендерді әлеуметтік тұрғыдан қолдап, жомарттық танытты.»Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Берік Бекжанов бастаған «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі мен «Ынтымақ» кәсіподақ бірлестігі өкілдері жаңа оқу жылының қарсаңында шәкірттерге демеу болды.

Белсенділер бас болып миллионды мегаполистегі мектептерде білім алатын тұрмысы төмен отбасы балаларының оқуға қажетті киім-кешектері мен құрал-жабдықтарын түгелдеуге қолғабыс жасады. «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі басшылығының бастама көтеруімен ұйым өкілдері аз қамтылған отбасы балаларының да жаңа оқу жылына дайындығына атсалысты. Еліміздегі іс-шаралардың қақ ортасында жүріп, әманда белсенділік танытатын еңбек пен еңбеккер құқын қорғайтын еліміздегі ең ірі ұйым өкілдері осылайша өздерінің қайырымдылық пен қамқорлықтан да қалыс қалмайтындарын көрсетті. Бұл ізгілік пен мейірім шарасы кәсіподақтықтардың еліміздің ертеңі — жас буынның бүгінгі жағдайына, олардың әлеуметтік қамсыздандырылуына бей-жай қарай алмайтынын аңғартты. Ал мектеп дайындығына науқан қызған шақта көмек қолын созған кәсіподақ өкілдеріне ата-аналар алғыстарын жаудырды. Бұл әсересе, көпбалалы, жағдайы нашар отбасылары үшін қомақты көмек болып отыр.