Өрттің алдын алу бойынша оқу-жаттығу өткізілді

652

«Аргос» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлері жұмыс орындарын тастай қашты. Мұндай жағдай аталған мекемеде өткізілген өрт-тактикалық оқу-жаттығуы кезінде орын алды. 8 техника, офицерлер құрамы мен жедел құтқару жасағы жұмылдырылған жаттығу жұмысы газ сақтайтын цистернадағы шартты өртті сөндіруге бағытталды.

Өрт дабылы. Мұндай сәтте ойлануға уақыт жоқ. «Аргос» ЖШС — де қызмет ететін 80 қызметкер сыртқа лап берді. Себебі, олар қызмет ететін орында 7 газ цистернасы бар. Жарылса, айналасындағы 200 метр жердің күлін көкке ұшырады. Дабыл соғылғаннан кейін бірнеше минут өткенде оқиға орнына өрт сөндіру қызметі келіп жетті.

Қуаныш Арсланов, Шымкент қалалық ТЖД-нің өрт сөндіру және авариялық жұмыстары мемлекеттік мекемесінің қызмет бастығының орынбасары: «Шартты өрттің тапсырмасына сәйкес газ құю станциясында газ шығу салдарынан от жалыны шығып, жанындағы нысандарға, цистерналарға үлкен қауіп төндіреді».

Шартты өрт бар болғаны бірнеше минутта сөндірілді. Ғимарат ішінде қалып қойған қызметкерлер қауіпсіз орынға шығарылды. Медициналық көмек қажет болғандарға жедел жәрдем қызметкерлері де дайын. Мұның барлығы тек оқу-жаттығу жұмысының кезінде орын алды. Аталған нысанда осы күнге дейін өрт болмаған. Себебі, өрт қауіпсіздігі жоғары сақталады.

Керімбек Молдабеков, «Аргос» ЖШС-нің өндірістік бөлімінің бастығы: «Өндірістік аймақ бойынша 7 өрт сөндіру бекеті бар. Керекті өрт сөнідргіштермен жабдықталған. Бітетін уақытысын тексеріп тұрамыз. Әр айдың басында өрт қауіпсіздігі бойынша сабақ өтеді».

2019 жылы 7 маусымда «Мураз» газ сақтау бекетінде орын алған жарылыстан кейін оқу-жаттығу жұмыстары жиілеген. Күні бүгінге дейін 109 өрт-тактикалық оқу-жаттығу мен сабағы өтті. Айта кетейік, биылғы 7 ай ішінде Шымкент қаласы бойынша 117 өрт болып, бір адам өрттен қаза тапқан.

Меруерт Ахан